Гүлнар Сиқымбаеваның неден қайтыс болғаны анықталды

Жақында өмірден өткен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнар Сиқымбаеваның неден қайтыс болғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әншінің өлімі туралы журналист Қымбат Досжан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

"Өзіңді "тамағына құс ұялаған әншісің" деп бағалаған еді ұстазың Каукен Кенжетаев ағамыз. Неге асықтың, Гүлеке… "Қымбатжан, жаз болса өтіп барады, келсейші Алматыға, немеремді көрсетем, сен де немерелі болып жатырсың, балалар бір-бірін көрсін" деп едің туған күніңде құттықтап сөйлескенімде… Түһ, Құдай-ай, әлі бір 100 жыл өмір сүретіндей көреміз – осы… Анаң да 40-тан асар-аспастан кеткен еді, Эльмира сіңлің ұйқыдан оянбай қалды, тағы бір інің де жас кетті… Қатты құлазыдың… Енді, міне, өзің де ұйқыдан оянбапсың… Не болды жаным-ай… Үйдің үлкенімін деуші едің, нағашыңды аузыңнан тастамаушы ең, анаң ерте кеткен соң, нағашыңның қолдауын көрдің… Әппақ, таза жүрегіңмен мөлдіретіп салған әнің есімізде қалады енді… Байыр балаңа сабыр тілеймін, ұрпағың аман болсын… Қош бол, Гүлеке", – деп жазды ол.

Айта кетейік, Гүлнар Сиқымбаева – отбасындағы он бес баланың үлкені. Шымкент іргесіндегі Ленгір ауданы Майбұлақ таулы ауылында өскен. 1985 жылы Гүлнар Сиқымбаева "Гүлдерге" қабылданып, танымал ансамбльде өнер көрсеткен. Қазақ, орыс, түрік, тәжік тілдерінде әндері бар. Қырғызстан және Қазақ­стан Рес­публикасының еңбек сі­ңір­ген әртісі.

Еске салайық, бұған дейін әншінің қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды журналист Оралхан Дәуіт желідегі парақшасында жариялаған еді. Ал әншінің жаназасы 6 қазанда оқылды. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!