- Негізгі бет
- LifeStyle
- "Гүл бермеді". Психолог...
"Гүл бермеді". Психолог қыз-келіншектерге пайдалы кеңестер берді
8 наурыз мерекесін елімізде барлық нәзік жандылар асыға күтеді. Ол - көктемнің алғашқы мерекесінің бірі. Көктемде күн жылып, барлығы мерекеге дайындықты бастайды. Көпшілік қыз-келіншек серігінен, досынан және жақынынан гүл, сыйлық немесе тосынсый күтеді. Алайда ойлағанындай болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мұндай кезде әйелдердің көңілі түсіп, күні нашар өтуі мүмкін. Сондай-ақ мерекеде өзін жалғыз сезінетін де қыздар бар. Осы орайда қыз-келіншектерге арналған психолог мамандарының кеңестерін ұсынамыз, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог Гүлзада Исакова мерекеде көңіл күйіңіз түспес үшін пайдалы кеңестермен бөлісті:
1. Басқалардан күтпеңіз. Басқалардан бір нәрсе күтетін адамдардың жиі көңілі қалады, қандай да бір соққы алады немесе ренжиді.
2. Өзіңізді басқалармен салыстырмаңыз. Қазір технологияның дамыған заманы. Барлық адам дерлік әлеуметтік желілерде отырады. Басқалардың өмірін бақылау кейде адамға жағымсыз әсер етеді. Мысалы, өзіңізді олармен салыстыра бастайсыз. Мерекеде де "оған мынадай сыйлық беріпті, маған ондай бермеді" деген секілді салыстыруыңыз мүмкін. Адамның өзін басқалармен салыстыруы саналы және бейсаналы түрде болуы мүмкін.
3. Қалауыңызды ашық айтып үйреніңіз. Мысалы, гүл қаласаңыз, ол жайлы ашық айтыңыз.
"Жомарт және сараң ерлер болады. Қандай ер адам болмасын, оған қалауыңызды ашық айтыңыз. Ер адамдар тұспалдап айтқанды түсінбейді. Кей әйелдер не қалайтынын айтпайды және ойлағаны орындалмаса, ренжіп жүреді. Сіздің бұл әрекетіңіз – бала позициясы. Себебі ересек позициясындағы әйел қалауын ашық айтады. Сол кезде ер адам оны жасайды. Бірақ тек 8 наурызда емес, жалпы алдын ала ер адамды сыйлық жасауға машықтандыру керек. Мысалы, серігіңізден үйге келе жатып шоколад әкеліп беруін сұраңыз. Содан соң оны ризашылықпен қабылдаңыз", - дейді Гүлзада Исакова.
4. Өзіңізге сыйлық жасаңыз. Әдетте өз-өзіне бірдеңе алуға рұқсат бермейтін, үнемі тек басқалардан алғысы келетін әйелдерге ер адамдар сараң келеді. Сондықтан ең алдымен әйел басқаға тәуелсіз өз-өзіне сыйлық беруі, өзіне көп нәрсеге рұқсат беруі керек. Әдетте ер адам өзін-өзі бағалайтын толыққанды әйелге сыйлықтар береді.
5. Сыйлық алудың немесе оның көңілінің сіз үшін маңызы жайлы айтыңыз. Сондай-ақ гүл алып бере алатын, бірақ "гүл бәрібір солып қалады ғой" дейтін ер адамдар болады. Алайда кей әйелдер үшін гүл қуаныш сыйлайды. Серігіңізге "мен гүл қалаймын, ол мен үшін маңызды" деп айтыңыз. Тіпті, біреу сізді құнсыздандырса да, бәрібір қалауыңызды айтыңыз және оны айтуды тоқтатпаңыз.
6. Жақындарыңызбен уақыт өткізіңіз. Басқалардың мерекені тойлап жатырғанын көріп кей адамдар жалғыздық сезініп, мұңаюы мүмкін. Жақындарыңызбен, құрбыларыңызбен және басқа да сізге жағымды адамдармен уақыт өткізіңіз. Өзіңіз кеш ұйымдастырыңыз, мысалы, құрбыларыңызбен қазіргі трендтегі түрлі түсті кеш, әртүрлі ұлттық киімдегі кеш ұйымдастыруға болады.
7. Өзіңізге мереке жасаңыз.
"Кімдер басқалардан бірдеңе күтеді? Басқалардың реакциясына тәуелді адамдар. Мұндай адамдар біреу мені бақытты етсе екен дейді. Алайда сіз өз-өзіңізді бақытты ете аласыз. Біз кез келген күні өзімізге мереке жасай аламыз. Десе де, ер адамға өз қалауыңызды айтып тұру маңызды", - дейді психолог.
8. Өз-өзіңізді бағалауыңызды арттырыңыз.
"Әйел күйеуіне/жігітіне "мен бәріне лайықпын" деп айта беруі мүмкін, бірақ іштей өзін-өзі бағалауы нашар болуы мүмкін. Кей әйелдер басқаға "мені жақсы көр", "маған қамқор бол" дейді. Алайда сіз өзіңізді жақсы көресіз ба? Өзіңізге қамқорсыз ба? Өзіңізге күтім жасайсыз ба? Өз-өзімен жұмыс істеген, өзін-өзі бағалауы жоғары, толыққанды адам оған сыйлық берсін, бермесін оның көңіл күйі түсіп кетпейді. Себебі ол онсыз-ақ толыққанды және өзін-өзі бағалауы тұрақты. Ол ондай нәрселерге тәуелді емес", - дейді маман.
9. Көре алмаушылық секілді жағымсыз сезімдеріңізді мойындаңыз. Айналаңызда барлық адам мереке тойлап жатырған болуы, ал сіз мысалы, кішкентай баламен үйде отырған болуыңыз мүмкін. Мұны көріп, қызығуыңыз, көре алмауыңыз, көңіліңіз түсуі мүмкін. Мұндай кезде "менде басқалардағыдай емес және көңілім түсті" деп мойындаңыз. Сезімдерді көміп тастасаңыз, ол сезімдердің бәрі агрессияға айналып кетеді. Сол үшін сізде бәрі қалағаныңыздай керемет емес екенін мойындау, бірақ қандай да бір уақыттан соң сіз де сол жерде болатыныңызға сеніңіз. Көре алмаушылықты тәнті болуға, мотивацияға айналдыру керек.
Сурет: pixabay.com
Ал психолог Айнұр Мұханқызы мерекенің шырқын бұзбай, оны әдемі көңіл-күймен өткізу үшін мынадай кеңестер берді:
- Ешкімнен ештеңе күтпеңіз. Бұл басты қағида. Иә, қарым-қатынаста болған соң, жақынымыздан сыйлық алғымыз келеді. Бірақ, шектен тыс сенім артпаған жөн. Өзіңізді алдын ала сыйлық берсе де, бермесе де қалыпты жағдай деп дайындаңыз;
- Егер жігітіңізден/күйеуіңізден сыйлық күтетін болсаңыз, ниетіңізді ашып айтыңыз. Бұл жерде "Мен" хабарламасын қолдануды ұсынамын. Яғни, "Мереке күні сен маған сыйлық сыйлау керексің" емес, "Мереке күні мен сыйлық алсам, қуанып қалар едім" деу арқылы ниетіңізді жеткізу. Қажет деп тапсаңыз, нақты не нәрсе қалайтыныңызды айту және келісімге келу;
- Құрбыларыңыздан күтетін болсаңыз, алу-беру теңдігін сақтаңыз. Егер айналаңыздағы нәзік жандылардың сыйлық бергенін күтсеңіз, өзіңіз де сыйлық жасауға әзір болыңыз;
- Өз-өзіңізге сыйлық жасаңыз. Көптен бері алғыңыз келіп жүрген нәрсені мерекеге сыйлық ретінде алыңыз және оған іштей рұқсат беріңіз;
- Wishlist дайындаңыз. Оны сыйлық алмасып жүрген жандарға жіберіңіз.
"Бұл кеңестерді орындау барысында мына нәрсені есте сақтаған жөн: өзіңіздің де, күйеуіңіздің де, жақындарыңыздың да жағдайына мән беріңіз. Мысалы, өзіңіз орташа жалақыға жұмыс істеп, жинаған қорыңыз болмаса, дәл мерекеге бағалы әшекей алуды мақсат етпеңіз. Мерекеге өзіңіздің шамаңыз жететін, қолжетімді дүниені алыңыз. Ал арманыңыздағы әшекейді дәл мерекеге емес, қызметіңіз бен ішкі әлеміңіз дайын болатын кезеңге мақсат етіңіз. Ал дәл қазір жағдайыңыз жетіп жатса, өзіңізге қалаған дүниеңізді сыйлаңыз, мархабат", - дейді психолог Айнұр Мұханқызы.
Оқи отырыңыз: Қыздар, сақ болыңдар! Сараң жігіттің бес белгісі
А. Жапатова