Грант ұтқандар енді не істеуі керек? Нұсқаулық

Жуырда 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранты иегерлерінің тізімі жарияланды. Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері талапкерлер енді не істеуі қажет екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Грант куәлігі grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді. Әрі қарай талапкерлер 25 тамызға (қоса алғанда) дейін грант немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін ЖОО-ларға құжат тапсыруы керек.

Қабылдау комиссияларына мына құжаттарды ұсыну қажет:

  • жеке куәлік,
  • 3х4 көлеміндегі сурет,
  • орта білім туралы аттестат немесе техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының дипломы,
  • № 075/у нысанындағы медициналық анықтама,
  • ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі,
  • білім грантын тағайындау туралы электрон куәлік (болған жағдайда),
  • жеңілдетілген санат бойынша растайтын құжаттар (болған жағдайда).

Қанша грант бөлінді?

Айта кетейік, жаңа оқу жылында бакалавриат бағдарламасы бойынша шамамен 75 мың білім гранты бөлінген. Грант конкурсына қатысу үшін талапкерлерден 127 мыңға жуық өтініш түскен.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз