- Негізгі бет
- LifeStyle
- Гонконг тұмауының белгілері...
Гонконг тұмауының белгілері қандай?
Гонконг тұмауы Қазақстанға да жетті. Тұмаудың бұл түрінен қандай да бір ерекше қорғаныс керек емес, оның қаупін азайтуға маусымдық вакцинация көмектеседі.
Гонконг тұмауы жайлы фактілер
1968 жылдан 1970 жылға дейін гонконг тұмауы (H3N2 штамы) миллионнан аса адамды өлтірді. Ол XX ғасырдағы үшінші тұмау пандемиясының себебі болды. Бұл вирус оның алдындағылар секілді жиі өлімге әкелетін болған жоқ, алайда ол өте жұқпалы болды. Ол Гонконгта пайда болғаннан бастап екі апта ішінде бұл аурумен шамамен 500 000 адам тіркелді, содан соң вирус бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия бойынша жылдам тарап, АҚШ, Еуропа, Африка, Австралия және Жапонияға дейін жетті.
Ол кезде пандемия екі толқынмен өтті, оның екіншісінде көптеген елдерде көбірек адам қаза тапты. Қауіп тобында қарттар мен 2 жасқа дейінгі кішкентай балалар болды.
Гонконг тұмауының белгілері
Бұл ауру кәдімгі тұмауға ұқсайды. Ең алдымен жоғарғы тыныс алу жолдары қиналады. Оның белгілері мынадай:
- Дененің сырқырап ауыруы;
- Әлсіздік;
- Бас ауыру;
- Бұлшықеттердің ауыруы;
- Жоғары температура;
- Тамақтың қышуы;
- Құрғақ жөтел;
- Диарея;
- Көздің жасаурауы, көз ішінің ауыруы.
Әдетте, бұл белгілер 3-4 күн бойы сақталып, содан соң кете бастайды. Алайда оны уақытында емдемесе, асқынуларға әкелуі мүмкін.
Оның алдын алу үшін тұмаудан вакцина алыңыз, қоғамдық орындардан келген соң қолыңызды жақсылап сабындап жуыңыз, таза ауада жиі серуендеңіз және бөлмені жиі желдетіңіз.
Оқи отырыңыз: Тұмау кезінде не істеуге болмайды?
А. Жапатова