- Негізгі бет
- LifeStyle
- Гипнозға түскендей: қандай...
Гипнозға түскендей: қандай адамдар телефон алаяқтарының қулығына түсіп қалады?
Соңғы кездері телефон алаяқтары көбейіп кетті. Олар адамдарға банктен немесе полициядан қоңырау шалып тұрғанын айтып, түрлі сылтаумен ақша сұрайды. Психолог Эльвира Сорокина алаяқтарға жиі кімдер алданатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Doctorpiter порталына сілтеме жасап.
Психологтың айтуынша, телефон алаяқтарының айла-шарғысына жиі мына адамдар түсетінін айтты:
- Мінезі қызба немесе мазасыз адамдар;
- Сол сәтте өмірдегі жағымсыз жағдайды бастан өткеріп жатырған адамдар. Олардың психикасы сыртқы шабуылдарға әлсіз бола түседі;
- Қарт кісілер. Олар бұл жаста өте сенгіш болып кетеді.
"Алаяқтар сендіру және манипуляция жасау техникасына ие, - деп ескертті психолог Эльвира Сорокина. - Диалог қорқыту негізінде құрылады. Адам оны тыңдаған кезде күйзеліс жағдайына түседі де, дұрыс ойлана алмайды және дұрыс шешім қабылдай алмайды. Сол кезде алаяқ оған жағдайдан шығудың дайын шешімін ұсынады. Біздің миымыз мұндай сәтте аз қарсылығы бар жолды таңдауға бейім келеді, сондықтан ол алаяқ ұсынған дайын нұсқаманы орындауға дайын болады".
Телефон алаяқтарын қалай анықтауға болады?
Психолог сізге біреу таныс емес нөмірден хабарласса, оны мұқият тыңдауға кеңес берді. Маңызды белгі: алаяқтар әрқашан өзі жайлы айтады.
"Егер сөйлесуші әңгіме бойы зейінді өзіне қойса, проблеманы шешуді ұсынса, бұл жағдайда полиция, дәрігер және басқа мамандарды қоспай-ақ қалай шешуге болатынын білетінін айтса, оның сізді алдағысы келу мүмкіндігі жоғары", - деп түсіндірді Эльвира Сорокина.
Еске салайық, бұған дейін телефон алаяқтары қандай айла-шарғы қолданып жүргенін жазған болатынбыз. Сондай-ақ өтірік айтатын адам қандай сөздерді жиі айтатынын біле жүріңіз.
А. Жапатова