Таңғы асты ішпейтін және кешкі асын тым кеш ішетін адамдарда остеопороз даму қаупі жоғары болуы мүмкін. Мұндай қорытындыға жапондық ғалымдар келді. Зерттеу нәтижесі Journal of the Endocrine Society (JES) журналында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazeta.Ru-ға сілтеме жасап.
Остеопороз – сүйектердің морт және сынғыш болуына әкелетін ауру. Оның даму қаупін арттыратын факторлар ретінде темекі шегу, алкогольді шамадан тыс ішу және жеткіліксіз физикалық белсенділік белгілі. Алайда аурудың тамақтану әдеттерімен байланысы әлі де толық зерттелмеген.
Ғалымдар Жапонияның сақтандыру деректер базасындағы 927 мың науқастың мәліметін талдады. Зерттеу нәтижесінде темекі шегетін, алкогольді жиі қолданатын, дұрыс ұйықтамайтын және таңғы асты ішпейтін адамдарда остеопороз бен сүйек сынуы (жамбас, омыртқа, білек және иық сүйектері) жиірек кездесетіні анықталды.
"Біз тамақтану әдеттерінің остеопоротикалық сынықтар қаупіне қалай әсер ететінін бағалағымыз келді. Нәтижесінде таңғы ас ішпеу мен кешкі асты кешішу остеопороз қаупін арттыратынын байқадық", – деді зерттеудің жетекшісі, Нара медицина университетінің медицина және философия докторы Хироки Накадзима.
"Сонымен қатар, мұндай әдеттердің көбіне дұрыс ұйықтамаудан, темекі шегу және аз қимылдау сияқты басқа да қауіп факторларымен қатар жүретіні белгілі болды", – деп толықтырды ғалым.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек