Цифрлық технологияларды меңгерген егде жастағы адамдарда жас ұлғайған сайын когнитивті (ойлау, есте сақтау, қабылдау) қабілеттердің бұзылу қаупі әлдеқайда төмен болады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Телеарна атап өткендей, қазіргі орташа 80 жастағы адамдар өз ғұмырында жеке технологиялардың жарылысты дамуын көрді: олар түрлі-түсті теледидар шыққанға дейін дүниеге келіп, қазір TikTok дәуірінде қартайып отыр. Көп жылдар бойы ғалымдар күнделікті өмірде технологияны қолдану егде жастағы адамдардың миына зиян ба, әлде пайда ма деген сұраққа жауап іздеп келді. Nature Human Behaviour журналында жарияланған жаңа зерттеу бұл сұрақта технологияның пайдасын көрсеткен соңғы дәлел болды.
Зерттеуде әлемнің түкпір-түкпірінен 50 жастан асқан 411 мыңнан астам адамның деректері талданып, барлығы когнитивтік диагностикадан немесе тесттен өткен.
Ғалымдар орта жасы 68-дегі бұл адамдарды "цифрлық алғашқы буын" деп атайды, өйткені олардың балалық шағында интернет болмаған. Талдау нәтижесінде смартфон, компьютер немесе интернет қолданатын егде жастағыларда когнитивті бұзылыстар қаупі әлдеқайда төмен екені анықталған.
Технологияны пайдаланатын егде жастағыларды бірнеше жыл бойы бақылаған зерттеулер олардың когнитивті қиындықтарға сирек ұшырайтынын көрсетті. Технология мен ми саулығы арасындағы байланыс қан қысымын төмендету, дене белсенділігі, білім деңгейі немесе ой еңбегін қажет ететін хоббилер сияқты деменциядан қорғайтын басқа да факторлармен салыстырғанда тең немесе одан да күшті әсер ететіні байқалды.
Женева университетіндегі технология мен когнитивтік функцияны зерттейтін топ жетекшісі Максимилиан Хаастың айтуынша, бұл нәтижелер әлем елдеріндегі халықтың қартаю үдерісі аясында аса өзекті.
"Технологияны қолдану басқа қорғаныс факторларымен салыстырғанда ұқсас немесе одан да тиімді әсер беруі мүмкін екенін байқау қисынды", – дейді Хаас, ол бұл зерттеуге тікелей қатыспаған.
Ең қызығы – бұл нәтиже зерттеушілер әлеуметтік-экономикалық жағдай, денсаулық деңгейі және әлеуметтік қолдау сияқты қосымша факторларды ескерсе де, өзгермей сақталған.
Бұл зерттеу Хаастың өткен жылы Швейцарияда жүргізген жұмысының қорытындыларымен де үндеседі: онда жадысы мықты егде адамдардың көбісі интернетті жиі қолданатыны анықталған болатын.
Алайда Ұлыбританияда 463 мың адамның қатысуымен жасалған тағы бір зерттеу компьютер қолдану мен деменция арасында "айқын байланыс жоқ" екенін көрсеткен. Ғалымдар экран алдында өткізілетін уақыттың миға әсерін тереңірек түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет екенін айтады. Жалпы бұл зерттеулер цифрлық өмір салты ойлау қабілетін, әлеуметтік байланысты, күрделі дағдыларды дамытуға ықпал етіп, ми денсаулығына оң әсер ететінін меңзейді.
"Технологиялық қор" деп аталатын бұл артықшылықтар кейде "цифрлық ақылсыздық" теориясына қарсы қойылады. Бұл теория технологияға тәуелділік әсіресе жастарда есте сақтау, назар аудару және мәселе шешу қабілетін әлсіретеді дейді.
Алайда Хаас бұл тақырыпта тепе-теңдік маңызды екенін айтады: "Экран әсерінің оң және теріс жақтары бар, бастысы – шектен шықпау". Когнитивті функциялар туралы сөз болғанда, "мәселе – тым аз немесе тым көп қолдануда" дейді ол.
Айта кетейік, 2009 жылғы химия бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Венкатраман Рамакришнан ұзақ өмір сүруге көмектесетін үш басты факторды атаған болатын. Ғалымның айтуынша, бұл факторлар қазіргі нарықтағы кез келген ББҚ мен дәріден пайдалырақ.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет