- Негізгі бет
- LifeStyle
- танымал актер
Ғалымдар Брюс Ли неден өлгенін 51 жылдан кейін анықтады
Мадридтегі ғылыми институттың зерттеушілері аты аңызға айналған жекпе-жек шебері және киноактер Брюс Лидің ерте қайтыс болуын түсіндіретін жаңа деректермен бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғалымдар болжамы
Испан дәрігерлерінің айтуынша, актер тапсырыспен өлтірілмеген. Ол сол кезде сирек кездесетін ауруға шалдыққан. Бұл туралы Присцилла Виллавалсо Clinical Kidney Journal журналында жариялады.
Ол өз командасымен бірге мәйітті сою нәтижесінің деректерін талдап, актерде ХХ ғасырдың ортасындағы сирек кездесетін ауру - гипонатриемияны анықтады. Бұл ауру бүйректің ағзадан артық суды шығаруына жол бермейді. Оған қоса, бүйрек ауруы (жедел бүйрек жеткіліксіздігі) мен ауыр физикалық жүктемелер жағдайды ушықтырған.
Ғалымдардың ойынша, бұл Брюс Лидің миының ісінуіне себеп болды.
Брюс Лидің жұмбақ өлімі
Еске салайық, Брюс Ли – жекпе-жек өнерінің аңызына айналған тұлға, Голливудтың алғашқы азиялық жұлдызы, небәрі 32 жасында кенеттен қайтыс болды. Оның өлімі бүкіл әлемді таңғалдырды, бірақ нақты себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ.
20 шілде 1973 жыл – Брюс Лидің өміріндегі соңғы күн. Сол күні Брюс Ли Гонконгта өзінің әріптесі, актриса Бетти Тин Пейдің пәтерінде болған. Ол өз фильмінің сценарийімен жұмыс істеп жатқан. Кешкісін Брюс бас ауруына шағымданып, актрисаның берген ауырсынуды басатын дәрісін қабылдаған. Алайда ол дәріні ішкеннен кейін есінен танып, оянбай қалған.
Брюс Лидің өлімі туралы көптеген болжамдар айтылды.
Дәрінің жанама әсері. Кейбір деректерге сүйенсек, Брюс бас ауруын басу үшін қабылдаған дәріге аллергиялық реакция берген. Бұл – алғашқы ресми нұсқа.
Мафия қастандығы. Кейбіреулер Брюс Лиді Гонконг мафиясы қастандықпен өлтірген деп санайды. Оның жекпе-жек өнері туралы фильмдері кейбір топтардың мүддесіне қайшы келген болуы мүмкін.
Шамадан тыс физикалық жүктеме. Брюс Ли күн сайын ауыр жаттығулар жасаған, бұл оның денсаулығына әсер етуі мүмкін деген пікір бар.
Бұл оқиға бізге денсаулыққа мұқият қараудың, ағзаның қажеттіліктерін дұрыс түсінудің маңыздылығын көрсетеді. Мамандар жай ғана күнделікті әдеттер – мысалы, суды дұрыс мөлшерде ішу немесе дәрі-дәрмекті сақтықпен пайдалану – өмір мен өлім арасында шешуші рөл атқаратынын ескертеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова