Ғалымдар ауа райы қандай болғанда адам ағзасы тез қартаятынын айтты

Ғалымдар ауа райы қандай болғанда адам ағзасы тез қартаятынын айтты
Фото: pixabay.com

Тайвань ғалымдары екі жыл ішінде адамның жылдам қартаюына әсер ететін ауа райын анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питерге" сілтеме жасап. 

Ғалымдар бұл құбылыстың нақты себебін әлі тапқан жоқ. Дегенмен, ерте қартаюдың алдын алуға көмектесетін тәсілді атады.

Кей адамдар ыстық күндерді жақсы көреді, енді біреулерге салқын әрі бұлтты күндер ұнайды. Ауа райы біздің көңіл-күйімізге қатты әсер ететіні рас.

Тайвань ғалымдарының айтуынша, даладағы ауа райы біздің биологиялық жасымызға да дәл сондай ықпал етеді.

Ғалымдар не анықтады?

Nature Climate Change журналында жарияланған зерттеуде Тайваньда тұратын 24 922 адамның деректері талданған. Қатысушылардың артериялық қысымы, қабыну деңгейі, холестерині өлшеніп, өкпе, бауыр және бүйрек жұмысы тексерілген. Осылайша олардың биологиялық жасы есептеліп, нақты жасымен салыстырылған.

Зерттеушілер нәтижелерді аптап ыстық әсерімен байланыстырып қарастырды.

Қорытынды таңғалдырды: екі жыл бойы аптап ыстықта өмір сүру биологиялық жасты қосымша 12 күнге арттырады. Ғалымдардың пікірінше, ыстық ауа райының әсері темекі, алкоголь, дұрыс тамақтанбау және қозғалысы аз өмір салтымен салыстыруға келеді.

Кейбіреулер үшін 12 күн аса маңызды болып көрінбеуі мүмкін. Алайда зерттеуді жүргізген Гонконг университетінің қала құрылысы және қоршаған орта гигиенасы кафедрасының доценті Цуй Го бұл көрсеткіштің шын мәнінде әлдеқайда қорқынышты болуы мүмкін екенін айтады. Себебі ыстық климаттың әсері бірнеше жылдар бойы жиналуы ықтимал.

"Бұл кішкентай ғана сан шын мәнінде маңызды. Зерттеу екі жылға созылды, бірақ біз ондаған жылдар бойы аптапта өмір сүріп жүрміз", – дейді ғалым.

Сиднейдегі Маккуори университетінің қоршаған ортаны қорғау саласының маманы Пол Беггс те зерттеу қорытындысына пікір білдірді.

"Біз көпшілігіміз қатты ыстық күндерді бастан өткеріп, ештеңе болмады деп ойлаймыз. Бұл зерттеу аптап ыстықтың қартаюды тездететінін көрсетеді", – деді ол.

Кондиционер құтқара ма?

Зерттеудің тағы бір маңызды тұжырымы: ашық аспан астында ауыр жұмыс істейтін адамдардың биологиялық жасы екі жылда 33 күнге артқан. Сондай-ақ кондиционер аз үйлерде тұратындар мен ауыл тұрғындары да жоғары қауіп тобына кірген.

Ғалымдар ыстықтың қартаюды қалай жылдамдататынын нақты айта алмайды. Бір болжам бойынша, бұл ДНҚ зақымдануына байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, кондиционер пайдалану жағдайды аз да болса жақсартады деген пікір бар.

Алайда дәрігерлер жүрек-қан тамыр аурулары, ревматоид артрит және синуситі бар адамдарға кондиционер астында ұзақ отырмауға кеңес береді. Себебі ол созылмалы аурулардың асқынуына әкелуі мүмкін.

Егер сізде осындай диагноздар бар болса немесе жалдамалы пәтерде тұрып кондиционер орната алмасаңыз, қатты ыстықта салқындаудың басқа да тәсілдері бар.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget