1 сәуір әзілдері

1 сәуір әзілдері

Бүгін 1 сәуір – күлкі күні. Бұл күні ауа-райы, көңіл-күйге қарамастан, әзілдеп, қалжыңдау керек. Достарыңызды, сүйіктіңізді, отбасыңызды, әріптестеріңізді алдап, бұл күнді келесі жылға дейін есте қалатындай етіп өткізіңіз.

Жұмыс, кеңсе... Әрине жұмыста байсалды, ұстамды боламыз, алайда жылына бір рет басқаларды алдап, көңіл көтеруге болады. 

  • Әріптестеріңіз қолданатын қаламдардың қалпақтарын желімдеп, қарындаштардың ұштарына түссіз лак жағып қойыңыз. Артынан әріптесіңіз қаламның қалпағын аша алмай не қарындашымен қағазды тесе жаздайтындай болады.
  • Жақын әріптесіңіз, тіпті досыңызға өтетін әзіл. Ол жұмыс орнында телефонмен сөйлесіп тұрғанда, қасына жүгіріп келіп, скотчпен телефонымен бірге басын орап тастаңыз. Аң-таң болған досыңызыз "кек алмай" қоймайды.
  • Қасыңызда отырған әріптесіңізге интернет-банкингтен ақшаны компьютер арқылы алуға болатындығын айтыңыз. Алдын ала ақшаны дисководқа салып, алып көрсетіңіз. Бастысы күлмей, шын екендігіне сендіріңіз.
  • Кеңседегі қызметкерлердің көбі жұмыс орнына істеуге тиісті тапсырмалармен стикерлер қыстырып отырады. Әріптесіңізге бір-екі қосымша стикер жабыстырыңыз. "Бастықтың көлігін жуу", "Әріптесіме 100 $ беру", "Онлайн-сериал көру" сынды тапсырмалар баршаның көңілін көтереді.
  • Қарапайым әзілдер. Әріптестердің компьютеріне қызықты суреттер қойып, тышқанның баптамаларын ауыстырыңыз. Тышқанның астын скотчпен жабыстырып қоюға да болады.
  • Айлықты кешіктіретіні не керісінше, сыйақы беретіндігі жайлы өтірік өсек таратыңыз. 

Үйдегілер, сүйіктіңіз не достарыңызға да әзілдеуді ұмытпаңыз. Достарды аямай алдауға болады, ал жігітіңізді не қызыңызды алдағанда, абай болыңыз, әзіліңіз шектен шықпасын.

  • Кір жуатын ұнтақтың қорабына балаларға арналған ұнтақ тағам не құрғақ сүтті сеуіп алыңыз. Таңғы ас кезінде үйдегілердің көзінше кір жуу ұнтағымен тамақтаныңыз.
  • Сүйіктіңіз не досыңыздың ұялы телефонындағы қоңырау әуенін оған ұнамайтын әуенге не қызықты әнге ауыстырыңыз. Артынан ол жұмыста отырғанда қоңырау шалуды ұмытпаңыз.
  • Үйдегілерді алдаудың тағы да бір амалы. Түнде тіс жуатын пастаны сығып тастап, орнына майонез құйып қойыңыз. Таңертең отбасыңыздың майонезбен тіс жуғанын тамашалаңыз.
  • Жігітіңіздің пиджагына өзіңіздің әдемі әшекейіңізді қыстырып қойыңыз. 
  • Ұзын әдемі қара шашыңыз сіздің де, жігітіңіздің де мақтанышы. Фотошоппен "шашыңызды қырқып", суретті жігітіңізге жіберіңіз. "Шашымды алдырып едім, шаштараз көп алып тастаған сияқты..." сынды сөздер жігітіңізді шошытады. Сондай-ақ, шашты жасыл түске бояуға, татуировка жасатуға болады.

 

Ал сіз бүгін кімді, қалай алдайсыз?

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: blog.0-ua.com 

С. А