- Негізгі бет
- Езутартар
- 1 сәуір -...
1 сәуір - Күлкі күні
1 сәуір - Күлкі күні. Әзілге толы бұл күннің шыққан жылы мен тегі әлі күнге дейін беймәлім. Алайда, шығу тарихының бірнеше нұсқалары бар.
Көптеген христиан дінін ұстанатын елдер 1 сәуірде күн мен түн теңелуі мен Пасха мерекесін атап өткен. Мереке күні күллі жамағат ойын-сауық құрып, әзіл-қалжыңға толы әрекеттермен көңілдерін көтеретін. Бұл дәстүр әлі күнге дейін жалғасуда.
Күлкі күнінің шығу тарихы туралы келесі әңгіме 1582 жылы Рим папасы Григорий енгізген григориан күнтізбесіне көшумен тығыз байланысты. Орта ғасырларда Жаңа Жыл мерекесі 1 қаңтарда емес, наурыз айының соңғы күндері тойланатын. Жаңа Жылды тойлау 25 наурыздан бастау алып, 1 сәуірге дейін жалғасатын. Мерекелік апта бойы әзіл-қалжыңға толы әрекеттер жасалып, көңіл көтерілетін. Жаңа күнтізбеге көшкен соң, бұл дәстүр өз күшін жоғалтқан жоқ. Жаңа Жылды тойламаса да, әзілге жақын жамағат ойын-сауықты жалғастыруды тоқтатпады.
Кейбір деректерде күлкі күні Ежелгі Үнді елінен шыққан делінеді. Үндістанда 31 наурызда әзіл-оспақ күні атап өтіледі.
Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Ежелгі Рим күлкі күнінің шығуына себеп болды. Ақпан айының ортасында "Зердесіздер мерекесі" тойлана бастады. Күлкіге толы мереке сәуір айына дейін жалғасатын. Бұл мереке Күлкі құдайының құрметіне орай атап өтілетін.
18 ғасырда күлкі күні кеңінен танылып, ауқымды әзілге толы шараға айналды. Күлкі күнінде міндетті түрде өзгелермен әзілдесіп, барлығын алдау керек. Еуропадан бастау алған бұл шара уақыт өте келе әлемнің басқа да мемлекеттеріне кеңінен таралды.
1 сәуір күні әзілге толы іс-әрекеттер мен ойындарға жол беру керек. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» дегендей, бұл күні үлкен-кіші, жас-кәріні бір алдап қоюды ұмытпаңыз.
Суреттер: strana-sovetov.com
Ғ. Ұзақ