Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен мәдени мұрасы туралы ғылыми ақпарат жұртшылыққа қолжетімді болуға тиіс. Әйтпесе TikTok, YouTube пен басқа да әлеуметтік желі жұртты шатастыруы мүмкін. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты этнология бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол ондаған жыл бойы қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін зерттеп келе жатқанын айтты. Алайда кейінгі жылдары цифрлық платформа қарқын алуына байланысты кәсіби зерттеушілер бұрынғыдай елеп-ескерілмейді.
"Кейінгі жылдары цифрлық технология дамып, YouTube, TikTok пен басқа да әлеуметтік желілер арқылы ақпарат кең таралуына байланысты ғылымның дауысы біршама көмескіленіп қалды. Бұл - алаңдатарлық жағдай", - дейді Серік Әжіғали.
Оның айтуынша, қазақ халқының мәдениетін жүйелі зерттеу өткен ғасырдың орта шенінен бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында этнографтар, мәдениеттанушылар мен антропологтар 200-ге дейін іргелі ғылыми еңбек пен монография әзірлеген.
"Осындай ғылыми еңбекті әлдеқайда көп таралыммен шығару қажет. Қарапайым халықтың оларға қолы жете бермейтіндіктен, көбіне жалған ақпарат алып, жаңылысып жатады. TikTok немесе YouTube-та жарияланған мәліметті көпшілік шындық деп қабылдайды. Бірақ оның арасында бұрмаланған ақпарат та аз емес", - деді ғалым.
Серік Әжіғали ғылыми мұраны жариялау жұмысы жалғасып жатқанын да жеткізді. Қазір көрнекті қазақ этнографы Халел Арғынбаевтың еңбектерінің үш томдық жинағы дайындалып жатыр. Оның екі томы жарық көрген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова