Әр әйелде етеккір циклінің ұзақтығы әртүрлі болады. Сондай-ақ кейде етеккір сәл ерте немесе кеш басталады. Бірақ кей жағдайда етеккір циклі әдеттегіден қысқа болып кетеді. Оның жиі кездесетін себептерін ұсынамыз.
Дәрі ішу
Кейде етеккір циклінің қысқаруы ағзаның жаңа дәріге деген әсері болуы мүмкін. Сондықтан жаңа дәрі ішіп бастағаннан кейін мұндай өзгерісті байқасаңыз, дәрігеріңізбен кеңескен дұрыс.
Қалқанша без ауруы
Қалқанша без проблемасы етеккір цикліне әсер етеді. Етеккір циклінің проблемасы қалқанша без белсенділігінің жетіспеушілігімен немесе жоғарылауымен байланысты болуы мүмкін. Қалқанша без гормоны аз бөлінсе, әдетте, етеккір жиі әрі көп келіп кетеді. Ал қалқанша без гормоны көп болса, етеккір сирек келеді немесе мүлдем тоқтап қалады.
Эндометриоз
Эндометриоз – қауіпті ауру. Оның бір белгісі – етеккір циклінің тұрақсыз болуы. Оның басқа белгілеріне шаршай беру, жүрек айну, жыныстық қатынас кезінде ауыру жатады.
Поликистозды аналық без синдромы
Ретсіз етеккір циклі поликистозды аналық без синдромын білдіруі мүмкін. Бұл аурудың басқа себептеріне кеуде тұсына, бетке және аяқ-қолға түктердің шығуы, безеудің шығып кетуі және шаштың түсуі жатады.
Күйзеліс
Күйзеліс кезінде етеккір жоғалып кетуі мүмкін. Ал кей жағдайларда етеккір циклі қысқарып кетеді.