“Ешкім керек етпей отыр“. Су тасқыны кезінде көмектескен Пшөннің мүсіні дайын болды

“Ешкім керек етпей отыр“. Су тасқыны кезінде көмектескен Пшөннің мүсіні дайын болды
Фото: Massaget.kz коллажы

Атыраулық шебер су тасқыны кезінде көпшілікке бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің темірден жасалған мүсіннің керексіз қалғанын айтып, дабыл қақты. Massaget.kz тілшісі шебермен байланыс орнатып, жағдайдың жай-жапсарын білді. 

Шебер туралы не белгілі?

Азамат Кенжеғалиев - Атырау облысы Жаңақала ауданының тумасы. Қазіргі таңда Индер ауданында тұрады. Темірден түйін түйген шебер әртүрлі туындылар жасауды кәсіп етіп отыр. Солардың бірі - ел назарын аударған Пшөннің мүсіні

сурет: шебердің жеке архивінен

"Пшөн - су тасқыны кезінде елге ерлігімен танылған тіршілік иесі. Оның мүсінін жасаудағы мақсатым - жануардың адалдығын адамдарға түсіндіру, осы оқиға туралы естелік қалдыру еді. Пшөннің атылуы көптің жанын жаралады. Мен де оның есімі ел есінде қалғанын қаладым. Солайша, өзімде тұрған жүрекше темірлерді пайдаланып, иттің мүсінін жасауға кірістім", - деп жауап берді Азамат Кенжеғалиев. 

"Ешкім керек етпей отыр"

Шебер Пшөннің естелік мүсінін бір ай ішінде жасап шыққан. Басында Азамат мырзаның ниетіне қолдау білдіргендер көп болған. Қазір дайын болған туындыға ешкім қызығушылық танытып отырған жоқ дейді ол. 

"Әкімдіктегі таныс-білістеріме мүсіннің дайын болғанын айтқан едім. Көбі "итке арнап ескерткіш қою ерсі" деп, еренсіз қалдырып отыр. Мен оларға ескерткіш қылып қой деп жатқан жоқпын. Соны түсінсеңіздер. Ескерткіш - тарихи шынайы оқиғаға, тұлғаға арналатын, ресми ұғымды білдіретін мәнге ие дүние. Ал Пшөннің мүсіні жай естелік мақсатында жасалған шығармашылық туынды. Оны ескерткішпен шатастырмаңыздар", - дейді шебер. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Azamat Kenjegaliev (@azamat_kenjegaliev)

"Еңбегім еленбей қалмай, Пшөннің мүсіні қаладағы жарығы бар, ел-жұрт назарына ілігетін жерге қойылса болды. Көрген адам батыстықтардың жанын жаралаған, былтыр болған су тасқынын еске алып отырса жетеді. Ақшаның да, құрметтің де керегі жоқ. Тек еңбегім еренсіз қалмаса екен деймін", - деп қосты Азамат мырза.

"Шығармашылық қабілет әкемнен дарыған"

Азамат Кенжеғалиевтің бірнеше туындысы Индер ауданының бұрыш-бұрышында жұрт назарына ұсынылған. Ол бойындағы таланттың суретші әкесінен дарығанын айтты. 

"Әкем суретші болған. Бойымдағы өнер сол кісіден дарыған. Бастапқыда ағаштан түрлі бұйымдар жасайтынмын. Кейін темірге көштім. Атамекендіктер ("Атамекен" ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы - еск.) қолыңыздан келетін істі кәсіп қылыңыз деп идея тастады. Содан бері темірден бұйымдар жасауды кәсіп қылып отырмын", - дейді маман. 

 

суретте Азамат Кенжеғалиевтің ағаштан жасаған туындылары

Қалаға сән беріп тұрған көрнекіліктердің көбі шебердің қолынан шыққан. Жұрт туындыларға тамсанып, жылы лебізін жиі жаудырады дейді ол. 

"Туған жерге махаббат" © Азамат Кенжеғалиев

"Мәңгілік алау" © Азамат Кенжеғалиев 

                         "Аманат"                                               "Қаңтар оқиғасы"

"Бекіре"  © Азамат Кенжеғалиев   

Азамат Кенжеғалиев елде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамай, әр жағдайға деген жан тебіренісін шығармашылық жолмен жеткізеді. Ендігі жұмысын Ақтаудағы ұшақ апатына арнаймын дейді ол. Шебердің сөзінше, оқиғаға қатысты шығармашылық бұйымның эскизі дайындалып, алғашқы жұмыстар басталып кеткен. 

Әкімдік не дейді?

Көрнекіліктерімен көзге түскен шебердің Пшөнге арнаған жұмысынан әкімдік бейхабар. Түсініктеме алу мақсатында жазған Massaget.kz тілшісінің хабарламасынан кейін ғана жағдайды бақылауға алғандарын айтты Атырау облыстық әкімдігі. Әзірге ресми жауап жоқ. 

Еске салайық, бұған дейін былтыр болған Атыраудағы су тасқынында көпшілікке бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді иттің атылғанын жазған едік. Иттің иесі Зәмзәгүл ханым Пшөнді 28 қараша күні атып кеткенін айтты. Пшөннің атылуына байланысты Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі де түсініктеме берген болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Д. Литпин