- Негізгі бет
- LifeStyle
- “Ешқайсысы қолды да...
“Ешқайсысы қолды да алмайды“. Танымал композитор әншілерге ренішін білдірді
Халық арасында танымал болған "Отыздан асып барамын", "Көнеміз ғой" әндерінің авторы қазақ эстрадасындағы әншілер сазгерлерді менсінбейді деп ренішін білдірді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Танымал әндердің авторы Садық Қынат бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында баяндап берді.
Айқын Төлепберген орындап жүрген "Отыздан асып барамын" әні негізі 1993 жылы шыққан екен.
"Мұқағали Мақатаевтың "Отыздан асып барамын" деген өлеңін жатқа білетінмін. Содан туған күнде "Қырықтан асып барамын" деп айтамын ғой деп, ән таппай жүргенмін. Ол кезде Төрткөлде тұрамын. Сол Төрткөлге кетіп бара жатып, осы ән келді. Ол кезде телефон жоқ, солай отырыстарда айтып жүрдім. Содан Айқожа деген әнші бала келіп, "осы әніңізді ұнатып қалдым" деп сұрады. Содан тарап кетті", – дейді композитор.
Бірақ бұл әні үшін автор әншілерден ақша алмапты. Халық арасында таралып, авторы емес, әннің өзі ғана танымал болып кете беріпті.
Садық Қынаттың атақты болған әні жалғыз ол емес. "Сәт" триосы орындаған "Көнеміз ғой" әнінің де авторы осы композитор екен. Бірақ бұл әні үшін де ешқандай ақы алмапты.
"Хит ән жазған авторлардың бәрі екіқабатты коттеджде тұрады деп ойлайтын шығар. Алматының бір шетінде 12 шаршы метрлік кішкентай ғана үйде тұрып жатырмыз. Қазіргі заманда хит ән жазған авторлар емес, соны айтып жатқан орындаушылар екіқабатты коттеджерде тұруы мүмкін. Ал біздің жағдайымыз – осы. "Отыздан асып барамын" әнін орындамаған әнші жоқ. Бірақ мен біреуден гонорар немесе сыйақы алып көрген емеспін. Әншілер сазгерлерді менсінбей ме әлде "шыққан ән ғой" деп айта бере ме, білмеймін. Ешқайсысы қолды да алмайды", – дейді Садық Қынат.
Айта кетейік, композитор жақында Шымкенттен Алматыға көшіп келген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева