Әйелдер жиі психологтарға "менде бәрі - отбасым, балаларым, күйеуім бар, бірақ мен өзімді бақытты сезінбеймін" деген шағыммен келеді. Көп жағдайда олар - махаббатты тәуелділіктен ажырата алмайтын әйелдер. Бұл жайлы психолог Юлия Комиссарова "Gazeta.ru"-ге айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тәуелділіктің бірінші белгісі – серігін мінсіз ету.
"Сіз ер адамды мінсіз етіп көрсеткіңіз келеді және бәрібір одан жақсы ешкімді таппаймын деп санайсыз, себебі жалғыз қалудан қатты қорқасыз", - дейді маман.
Сондай-ақ ер адамнан қашықтықта болуды ауыр қабылдайсыз және эмоционалды тербелісте боласыз. Мысалы, оның көңіл күйі жақсы болса, сіз де жақсысыз, егер ол жазбаса немесе қоңырау шалмаса, көңіл күйіңіз бірден нашарлайды. Тәуелді қарым-қатынастағы әйелдер үнемі күту режимінде жүреді.
"Ол серігінен махаббат, назар, қамқорлық немесе қолдау қалайды, бірақ серігі осыларды қанша берсе де, бұл оған үнемі аз көрінеді", - дейді психолог.
Төртінші белгі – серігінің телефонын, әлеуметтік желісін, банктік транзакцияларын бақылау.
Бесінші белгі – қасында ер адам болмаса, күшінің жоғалғанын сезіну.
"Өзі үшін ештеңе істегісі келмейді, өз өмірі мен дамуына уақыт бөлгісі келмейді, әлем тек серігінің айналасында айналып жүр, әйел өзін тұлға ретінде жоғалтады", - дейді психолог.
Сондай-ақ үнемі ол жайлы ойлай бересіз, ойыңызда онымен бітпейтін диалог құрасыз. "Онсыз өмір сүре алмаймын" мен "осының бәрінен шаршадым" деген ойлардың арасында өзіңізді түсіне алмай жүру де - тәуелділіктің белгісі.
Ер адамға тәуелділіктен арылу үшін бұл жағдайдың ең нашар салдары – серігіңізді емес, өзіңізді жоғалтып алуыңыз мүмкін екенін түсіну.
"Себебі өзіңді табу ауыр және қиын. Содан соң барлық күшіңіз бен назарыңызды өзіңізге, дамуыңызға, қажеттіліктеріңізді жабуға бағыттау керек. Әдетте бұл өзіңізбен саналы түрде жұмыс істеген соң келеді. Біреудің көлеңкесі болуды қойып, бүтін әрі толыққанды тұлға болған кезде өзіңіздің де, айналаңыздағылардың да алдында тартымды бола түсесіз. Өзін білетін, қажеттіліктерін түсінетін және оларды өздігінше жаба алатын адам біреуді жоғалтып алудан қорықпайды, ол өз өмірінен ләззат алады және сондай толыққанды, бақытты адамдарды өздеріне тартатын болады", - дейді Юлия Комиссарова.