Ер адамдар бұлшықет өсіру үшін алатын екпелер денсаулыққа зиян емес пе?

Бұлшықет массасын жинау - фитнеспен айналысып бастаған адамдар үшін өзекті сұрақтардың бірі. Алайда кей ер адамдар жылдам нәтижеге жету үшін дәрі-дәрмектер мен екпелер қабылдайды. Оның қандай жағымсыз салдарлары болуы мүмкін? Бұл сұраққа Спорт және дене шынықтыру істері комитеті ШЖҚ РМК "Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы" Спорттық медицина бөлімінің бас дәрігері Құрбанбай Шарафуддинұлы Әбдіразақов жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұлшықет массасын арттырудың не қажеті бар?

Бұлшықет көлемі артса, күш те, төзімділік те артады. Шыныққан бұлшықеттер дененің тартымды және әдемі көрінуіне ықпал етіп қана қоймай, денсаулыққа да пайдалы:

Сүйектер қатаяды

Күштік жаттығулар сүйек тініне жағымды әсер етеді. Бұлшықеттер буындар мен сүйектерді ұстап тұрады. Яғни осы аймақтағы бұлшықеттер қатайса, бұл сүйектердің де нығаюына ықпал етеді. Жүйелі түрде дұрыс жаттығу остеопороз немесе сынық алу қауіптерін азайтады. Себебі қаңқа тұрақты бола түседі. 

Жүйке жүйесі жақсарады

Жаттығу кезінде жеке бұлшықет жасушалары жаңа жүйке түйіспелерінің пайда болуын және мидағы қан айналымын ынталандыратын заттарды шығарады, бұл дененің күйзеліске төзімділігін арттырады. Сондай-ақ зейін қою артады.

Иммунды жүйе нығаяды

Иммунды жүйе сізді патогендерден қорғайды. Жаттығу кезінде бұлшықет талшықтарында микрозақымдар пайда болады. Сіздің денеңіз оны қабыну ретінде қабылдайды және дереу қабынуға қарсы заттарды тиісті бұлшықеттерге жібереді. Бұл қорғаныс жүйесіне арналған жаттығу секілді. 

Зат алмасу жақсарады

Күштік жаттығулар мен бұлшықет массасын арттыру - майды жағудың тиімді әдісі. Себебі калория жаттығу кезінде де, одан кейін де ыдырайды. Көбірек бұлшықет көп калорияны жояды, демек сіз артық салмақты тезірек жоғалтасыз.

"Адамның денсаулығы үшін бұлшықет массасының рөлі маңызды. Шыныққан бұлшықеттер жүрек-қан тамырлар ауруларының және басқа да созылмалы аурулардың қаупін азайтады, зақым алу қаупін төмендетеді және қарттық шақта белсенді, сау болып қалуға көмектеседі", - дейді дәрігер.

Бұлшықеттердің өсу процесі қалай жүреді?

Құрбанбай Әбдіразақов бұлшықеттердің өсу процесін түсіндіріп берді.

"Жаттығу кезінде бұлшықеттер микрозақымдар салдарынан өседі. Бұлшықеттер жаттығу кезінде алдымен "жыртылады", содан соң жаңа жасушалармен бірге қайта қалпына келіп, өседі. Бірақ бұлшықеттер өздігінен өспейді: ол үшін жүйелі түрде жаттығу, сапалы тамақтану және демалыс қажет", - дейді спорттық дәрігер.

depositphotos.com

Бұлшықет өсіруге арналған екпелер несімен қауіпті?

Жаттығу залына баратын кей ер адамдар жылдам нәтиже шығару үшін бұлшықет өсіретін дәрі-дәрмектер ішеді немесе екпелер (тестостерон, стероидтар) алады. Көпшілік дәрігерлермен ақылдаспай, сол жақта жүрген басқа адамдардан, медицинадан алыс адамдардан "мен осыны қолданып көрдім, маған көмектесті" деген сөздерін естіп, қандай да бір дәрі-дәрмектер, қоспалар алады. Алайда мұндай әрекет несімен қауіпті?

"Бұлшықетті өсіретін екпелер жоқ. Яғни қандай да бір дәрі-дәрмек ішсеңіз немесе екпе алсаңыз, өздігінен бұлшықет өседі деген нәрсе жоқ. Мысалы, көпшілік тестостерон қабылдайды. Ал бұл гормон ашу, энергия береді. Сондықтан адам жаттығу залында көбірек жаттыға алады, ауыр темірлерді көтере алады. Соның салдарынан бұлшықет өседі. Бірақ тестостерон алу үшін алдымен эндокринологтың тексерісінен өту керек. Ол анализдер тапсыртып, барлық қажет гормондардың деңгейін тексереді", - дейді ол.

Тестостерон мен анаболикалық стероидтерді көп мөлшерде қолдану қауіпті

Ерлерде ағзаның өзі бөлетін гормондармен проблема туындайды. Гормондар шығаратын бездер мен органдарда, мысалы, аталық бездерде құрылымдық атрофия пайда болады. Соның салдарынан белсіздік пен жыныстық функциялардың төмендеуі пайда болуы мүмкін.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупі артады. Көпшілік бұлшықет тек қол мен аяқта емес, жүректе де бар екенін ұмытып кетеді. Сондықтан жүрек бұлшықеті артуы мүмкін. Бұл түрлі жүрек проблемаларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ инфаркт пен инсульт қаупі артады. Стероидтер жүректің жиырылу күшін әлсіретеді және миокард дистрофиясын тудырады, бұл аритмия мен кенеттен өлім ықтималдығын арттырады. 

Қан арқылы берілетін инфекцияларды жұқтыру қаупі артады. Аталған гормондарды көп мөлшерде қолдану қант диабетімен ауыру қаупін арттырады және оларды шприцпен енгізетіндіктен, қан арқылы берілетін инфекциялармен, соның ішінде сарғаю (гепатит) және АИТВ-мен ауыру ықтималдығын арттырады.

Қатерлі ісіктер мен бауыр ауруларының қаупі артады. Тестостерондар мен анаболикалық стероидтарды шамадан тыс қолдану қатерлі ісік аурулары мен бауырдың зақымдану қаупін арттырады. Ал оларды таблетка түрінде қабылдау бауырға зиян болуы мүмкін. 

Құрманбай Әбдіразақов дәрігер ретінде мұндай препараттарды қолдануды ұсынбайтынын айтты.

"Мұндай препараттардан кейін ер адам агрессивті бола түсуі мүмкін. Әдетте, олардың терісінің жағдайы нашарлап кетеді. Мысалы, безеулер мен бөртпелер пайда болады. 

Бұлшықеттерді өсіру үшін жүйелі түрде тестостерон мен анаболикалық стероидтер қабылдау гормонды функцияны бұзып, көптеген қауіпті ауруға және психикалық бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ олар белсіздік, жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары, бауыр зақымы және депрессияға әкелуі мүмкін", - дейді бас дәрігер.

Бұлшықетті қалай дұрыс өсіру керек?

Жаттығу. Жүйелі түрде жаттығу залына барып, темірмен жұмыс істеу бұлшықет массасын өсіреді. Содан соң біртіндеп жүктемені арттыру қажет.

Тамақтану. Ағза ақуыздар, майлар және көмірсуларды қажетті мөлшерде алу керек. Мысалы, кей жас жігіттер жаттығу залынан шығып, фастфуд жейді. Алайда бұлай тамақтану көмектеспейді. Мұндай кезде олар бұлшықет емес, артық салмақ жинайды. Байқасаңыз, спортшылар тамақтарын грамм бойынша өлшеп жейді және күніне 6-7 рет тамақтанады. Яғни аз-аздан, бірақ жиі тамақтанады. Сондай-ақ сапалы тағамдар жеу маңызды. Қуырылған емес, суға және буға піскен тамақтарды жеу пайдалы. Рационға тауық еті, балық, жұмыртқа, сүзбе, бұршақтылар, жемістер, күріш, сұлы жармасы және т.б өнімдерді қосыңыз. 

"Дәрігер ретінде БЦА, креатин, протеин секілді дәрумендік қоспаларды қабылдауға қарсы емеспін. Өйткені адам жаттығу кезінде терлейді. Тердің құрамында магний де, калий де бар. Яғни солардың бәрі сыртқа шығады. Солардың орнын толтыру үшін ондай қоспаларды тұтынуға болады. Десе де, мұндай қоспаларды да алдымен анализдер тапсырып, спорттық дәрігердің кеңесімен ішуге кеңес береміз. Құрамындағы кей компоненттер аллергиялық реакция беруі мүмкін екенін де ұмытпаған жөн. Мұндай қоспалардың құрамын зерттеп, сенімді жерден ғана алған дұрыс", - дейді Құрбанбай Әбдіразақов.

Ұйқыны ретке келтіру. Ұйқы кезінде адамның ағзасы демалып, қалыпқа келеді. 

"Ешқандай қоспаларсыз да әдемі дене жасауға болады, бірақ көпшілік ер адам одан да үлкен нәтиже қалайды", - деп күлді маман.

Құрбанбай Әбдіразақов - Ұлттық спорттық медицина және оңалту орталығы тек спортшылармен жұмыс істейтінін және тестостерон немесе анаболикалық стероидтер секілді препараттарды қабылдауды ешқашан жазып бермейтінін ескертті.

Еске салайық, анаболикалық стероидтық препараттар Дүниежүзілік допингке қарсы ұйымының және ҚР допингке қарсы ұйымының ережесіне сай ұлттық құрама командасының спортшыларына қолдануға тыйым салынған препараттар тізіміне кіреді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!