Кей сұрақтар бойынша даулар жылдар бойы тоқтамайды. Мысалы, ер адам мен әйел арасындағы достық. Біреулер еркек пен әйел дос бола алады десе, басқалар олар романтикалық қызғушылықсыз сөйлесе алмайды дейді. "Доктор Питер" порталы осы тақырыпқа қатысты психологтардың пікірін сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог Анастасия Корнеева "достық" түсінігі жайлы нақтылап айтып берді.
"Алдымен достық түсінігін нақтылап алу керек. Бір компания шегінде араласу, ортақ қызғушылықтар, әріптестердің жақын қарым-қатынасы – бұлардың барлығы жолдастық. Бұл жерде жолдастар және жақсы таныстар арасында гендер шынымен де маңызды емес. Еркек пен әйел тығыз және жиі араласа алады, бірге көңілді уақыт өткізеді және қарым-қатынаста болмайды.
Ал достық – бұл екі тұлға арасындағы байланыс. Бұл бір-бірін тұлға ретінде бағалайтын екі адамның риясыз қарым-қатынасы. Бұл үздіксіз байланыс ұстау, бір-бірінің өміріне қатысу. Осы жерде "кедергі" шығады.
Гендерлік сәйкестік біздің қалауымызға қарамастан тұлғааралық қарым-қатынаста маңызды рөл атқарады. Әйел еркекпен өзараәрекеттесу арқылы бірінші кезекте одан еркекті көреді, дәл солай ер адам әйелді ең алдымен әйел ретінде қабылдайды. Осыда үлкен айырмашылық бар: мұны достық деп айту қиын", - дейді ол.
Психолог Анастасия Корнеева ер адам мен әйел дос болу үшін олардың қарым-қатынасы қандай болу керегін айтты.
"Ер адам мен әйел шынымен де дос болуы үшін не істеу керек? Олардың ешқайсысы басқасын сексуалды тұрғыда тартпас үшін, екеуі де интимді байланысты теориялық тұрғыда да қарастырмас үшін, бір-біріне физикалық ұнамас үшін олар өздерінің жеке қарым-қатынастарында қанағаттанған және сексуалды тұрғыда "тоқ" болуы керек.
Ал енді басқаша қарасақ, осындай талапты біз өзіміздің жыныстағы адамға қоймаймыз ғой. Біз өз гендеріміздегі досты оның тартымдылық деңгейі бойынша таңдамаймыз.
Қалай десек те, кез келген ережеде ерекшелік болады, сондықтан кез келген нақты өзара қарым-қатынасты қарастырған жөн. Ең бастысы – өз-өзіңізбен адал болыңыз. Егер ол адамға сізде эмпатия болса, ол сізге қымбат және жақын болса және оған деген сезімдеріңіз бен ниеттеріңіз шынайы болса, оның еркек немесе әйел екеніне қарамастан онымен дос болыңыз", - деді маман.
Психолог Сергей Розанов бұл сұраққа нақты жауап жоқ екенін ескертті.
"Бұл тақырыпқа көптеген зерттеулер жүргзілген, алайда бұл сұрақта барлық адам үшін бір жауап жоқ. Бір зерттеулер ер адам мен әйел арасында достық болуы мүмкін десе, басқа зерттеулер мүмкін қауіптер жайлы айтады. Қалай десе де, келіспеушіліктер болмас үшін екі жақ та өз шекараларын нақты анықтап алуы керек.
Қарама-қарсы жыныстағы адаммен достық несімен қиындап кетуі мүмкін? Егер табиғи тартымдылық сананы басып кетсе, құмарлық билеп кетуі мүмкін. Егер екеуі де қарым-қатынасқа бірдей күш салса, проблема болмайды. Бірақ олардың біреуі көбірек күш сала бастаса, қиындықтар туындайды. Біреуі екіншісінен сондай жауап күтеді, ал екіншісі одан көп бере алмағаны үшін қиналады.
Алайда мұндай проблема бір жынысты достық арасында да болады. Бірақ ер адам мен әйел жағдайында оған қоса сексуалды астар пайда болуы мүмкін. Егер мұндай достық махаббатқа ұласса, өте берік қарым-қатынас болатыны анық", - дейді психолог.
Десе де, маман ер адам мен әйел арасында достық болуы мүмкін екенін айтты.
"Біздің барлығымыздың әлемге деген көзқарасымыз, мінездеріміз, құндылықтарымыз жне өмірлік тәжірибеміз әртүрлі. Сондықтан бұл сұраққа қатысты бір пікірге келе алмаймыз.
Егер әртүрлі жыныстағы екі адам кездессе және олар бір-біріне сексуалды тұрғыда тартымсыз болса, бірақ ортақ қызығушылықтары мен қажеттіліктері болса, онда олардың арасында достық болуы әбден мүмкін", - деп қорытындылады Сергей Розанов.