Қызылша - сөйлесу, жөтелу және түшкіру кезінде жұғатын жедел вирус инфекциясы. Бұл - балалар арасындағы ең жұқпалы аурулардың бірі. Алматының №36 емханасының инфекционист дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанат Досбаева аурудан қорғану жолдарын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маманның сөзінше, ауру бірнеше кезеңмен дамиды. Бірнеше күнге созылатын алғашқы кезеңде баланың дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, әлсіздік байқалады, мұрыннан су ағып, құрғақ жөтел пайда болады, көзі қызарады. Қызылшаға тән негізгі белгілердің бірі - ұрттың шырышты қабығында пайда болатын Бельский-Филатов-Коплик дақтары, яғни қызыл жиекті ұсақ ақ нүктелер.
Келесі кезеңде бөртпе пайда болады. Алдымен ол бетке және құлақтың артына шығып, кейін біртіндеп бүкіл денеге тарайды. Бұл кезде дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, улану белгілері күшейеді. Аурудан кейін екі-үш апта бойы иммунитет әлсірейді, сондықтан ағза басқа инфекцияларға әлсіз болады.
Қызылша асқынса, мынадай аурулар пайда болуы мүмкін: пневмония, ми қабынуы - энцефалит, есту қабілеті төмендеуіне әкеп соғатын отит, сондай-ақ, ларингит, трахеит және бронхит сияқты тыныс жолдарының аурулары бар.
Бала қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, оны балабақшаға, мектепке және қоғамдық орындарға апармау қажет. Дәрігерді үйге шақырып, баланың дене қызуын және жалпы жағдайын бақылап, инфекция таралмауы үшін оны басқа балалардан уақытша оқшаулаған жөн.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!