Ата-аналар көбіне баласын қолдаудың орнына мектептің жағына шығып, оны бақылап, қорқыта бастайды. Отбасылық психолог Ольга Иванованың айтуынша, мұндай әрекет баланың мазасыздығын одан әрі күшейтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Маманның сөзінше, ең үлкен қателік – баланы екі жақтан қысымға алу. Мектеп "қателесуге болмайды" десе, ата-ана да осы талапты қайталайды. Соның салдарынан бала өзін тығырыққа тірелгендей сезінеді.
Сондай-ақ, "Демалуға болмайды", "Бүкіл өмірің осы емтиханға байланысты", "Тапсыра алмасаң, ештеңеге қол жеткізбейсің" деген сөздерді айтуға болмайды. Оның орнына: "Мен сенің жаныңдамын", "Тапсыра алмасаң, бірге шешімін табамыз, ал жақсы тапсырсаң, бірге атап өтеміз" деп қолдау көрсеткен дұрыс.
Кейде ата-ананың өзі қатты уайымдап, үрейін баласына бөледі. Егер ересек адам сабырға келе алмаса, балаға тірек болудың орнына қосымша салмақ түсіреді.
Тағы бір қателік – "Дайындалдың ба?" деп қайта-қайта сұрап, мұғалімдердің қорқынышын қайталау. Психолог емтиханның маңызын асыра көрсетпей, сәтсіздік болған күннің өзінде өмір жалғаса беретінін еске салуға кеңес береді.
Ата-аналар баланың ағзасындағы дабыл белгілеріне де мән беруі керек. Егер ол ұйықтай алмай жүрсе, тәбеті жоғалса немесе күйзелісті тамақпен баса бастаса, бұл – көмек қажет екенін білдіретін белгі.
Психологтың айтуынша, мұндай кезде қысымды күшейтіп, бақылауды арттыру баланың жағдайын одан әрі нашарлатады. Ең маңыздысы – талап қою емес, оның жанынан табылып, қолдау көрсету.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!