Елордалық вундеркинд оқушы жетістігінің сырын айтты

Он күн бұрын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен СОРЕRNICUS халықаралық олимпиадасында жаратылыстану бағытында №84 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Алидан Айбекұлы Сәулебек абсолютті чемпион атанды. Бұл дода - әлемнің әр түкпірінен жиналған дарынды оқушылардың білімін сынайтын беделді байқау. Massaget.kz тілшісі олимпиада жеңімпазы және оның анасы Маржан Естайқызымен тілдесіп, жеңіс сырлары мен табысқа жетудің жолдарын білді. Жас дарынның табандылығы, отбасының қолдауы мен ұстаздарының еңбегі оның бұл биікке көтерілуіне сеп болғанын әңгіме барысында ерекше атап өтті. 

Жеңіс жолындағы қажырлы еңбек

Аталған Олимпиадаға қатысуға Алиданның ұстаздары ұсыныс білдіріп, онымен екі ай тоқтаусыз дайындалған. 

"СОРЕRNICUS олимпиадасына қатысуға ұстаздарым ұсыныс жасаған еді. Олимпиада болады деген хабарламаны көріп, тіркеліп, бірінші турына онлайн қатысқан болатынмын. Онда қола медаль мен 3-орынды иелендім. Содан кейін екінші турға Хьюстон қаласынан арнайы шақыру келді. Олимпиадаға екі ай мұқият дайындалдық. Ұстаздарым физика, биология, химия пәндерінен ағылшын тіліндегі оқулықтармен мейлінше қамтамасыз етіп отырды. Әрине, Олимпиададағы тапсырмалар оңай болған жоқ. Мысалы, "кинематика туралы, орташа үдеуді сынау" деген сияқты сұрақтар келді. Барлық білімім мен жігерімді жұмсауға тырыстым. Жаратылыстану бағытының ішінде өзіме ұнайтын пән - химия пәні. Себебі біздің өмірімізді химиясыз елестету мүмкін емес қой. Күнделікті тұрмыс, ғылым, қоршаған орта - бәрі де химиямен байланысты", - деді Алидан. 

Бастауыш сыныптан басталған қызығушылық 

 Алиданның жаратылыстану бағытына деген қызығушылығы бастауыш сыныптан басталған.

"Үшінші сыныпта оқып жүрген кезімде химия, физика,  жаратылыстану туралы оқығанды ұната бастадым. Әртүрлі нәрселердің қалай, неден жасалатынын зерделеп, зерттеуді жақсы көретінмін. 7-сыныпта алғаш рет химия пәні мұғалімім Эльмира Асимханқызы Кажекенова менің пәнге деген қызығушылығымды байқап, "Осы пән ұнай ма, олимпиадаға қатысқың келе ме?" деп сұрап білді. Мектепішілік олимпиадаға дайындықсыз қатысып, 1-орын иелендім. Содан бастап қызығушылығым арта түсті. Олимпиадаларға үнемі дайындықтамын. Екі жыл ішінде Республикалық пәндік олимпиаданың 2022-2023 және 2023-2024 оқу жылдарындағы химия пәні бойынша аудандық, облыстық (1-орын) және республикалық олимпиаданың 2-орын жүлдегері болдым. 2023-2024 оқу жылындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастырған химия пәні бойынша олимпиаданың 1-дәрежелі жүлдегерімін. Ұстаздарым мен мектебімнің маған деген сеніміне, қолдауына рақмет, жоғары бағалаймын", - деді оқушы. 

Қатысушылар арасындағы үздік көрсеткіш

Айтулы додаға Қазақстаннан барлығы 15 оқушы қатысқан.

"Жоғарыда айтқанымдай, мен бірінші турдан өтіп, Хьюстонда шешуші турға қатыстым. Емтиханда жалпы саны 25 сұрақ келді. Ең үздік көрсеткішке қол жеткіздім. Бұл мен үшін үлкен сынақ әрі қуаныш болды. АҚШ-тағы Олимпиадалардың өту деңгейі өте жоғары. 5 күндік бағдарлама жасалған. Соның аясында Жаратылыстану ғылымы музейіне, NASA музейіне апарды. Сол қатты ұнады. Қатысшылар әр елден болғандықтан, солардың әдет-ғұрпын, тілін, өз-өздерін ұстауын бақылау қызық болды. Заттардың құрамы мен әрекеттесуі әрдайым қызық. Болашақта Республикалық пәндік олимпиадада жеңімпаздар қатарынан көрініп, ICho халықаралық химия олимпиадасына қатыссам деген жоспарым бар", - деді чемпион. 

Ананың рөлі мен баланы қолдау

Әрбір чемпионның артында ата-анасының үздіксіз еңбегі мен қаржылай, физикалық инвестициясы жатыр. Алиданның анасы Маржан Естайқызы да ұлының ғылымға деген махаббатын бала күннен байқап, бағыттаған. 

"Алидан кішкентайынан зерек, ақылды, ойлы бала. Тілі де ерте шықты. Айналасында болып жатқан құбылыстарды зерделеуге, әр сөздің мәнін түсінуге тырысатын. Есте сақтау қабілеті де ерекше болды. Әртүрлі нәрселердің қалай, неден жасалатынын зерттеуді жаны сүйетін. Оның ғылымды ұнататынын бала кезінен байқадық. Екінші-үшінші сыныптан бастап химия, физика, жаратылыстану туралы кітаптарды жата-жастана оқитын. Біз де оның жан-жақты болып өсуіне көп көңіл бөлуге тырыстық. Тіпті ән айтып, би билеп, модель болып киім үлгілерін көрсетуге, сәндік көрсетілімдерге де қатысты. Шахматты жақсы көреді. Спортпен айналысуына да мән бердік. Бассейнге барады, далада көп серуендейді. Ең маңызды нәрсе - баланың өзінің қызығушылығы", - дейді анасы.

Болашақ чемпиондарды баулып жүрген, жалпы бала тәрбиесімен айналысып жүрген аналар - баланың таңдауына құрметпен қарай білуі керек дейді. 

"Меніңше, білім мен тәрбиеде ата-аналар үшін ең маңызды үш нәрсе бар. Бірінші - тәртіп, екінші - жүйелілік, үшінші - жауапкершілік. Өз-өзін тәртіпке үйретіп, өзіне жауапкершілік алып, жүйелі білім алып, өзін жан-жақты дамыта алса - баланың болашағы да жарқын болады деп ойлаймын. Әрине, ата-ананың, ұстаздарының қолдауымен. Алидан қызығып оқып, айналысқан нәрселеріне қашанда қолдау көрсетеміз. Таңдау еркін өзіне қалдырамыз. Өзіне жауапкершілік алуды үйретеміз. Баламен мүмкіндігінше көп әңгімелесеміз. Оның өз-өзіне деген сенімділігін, ұстамдылығын қалыптастыруға тырысамыз. Біз үшін ең маңызды нәрсе, баламыздың айналадағы құбылыстарға байыппен қарап, дұрыс қорытынды шығарып, дұрыс жолмен жүріп, өз ісіне адал болып, жақсы адам болып қалыптасуы. Оның білімін жетілдіруіне, тіл үйренуіне, денсаулығына көңіл бөліп, дұрыс тамақтануына, жан-жақты дамуына бағыт-бағдар беріп, қолайлы жағдай жасау. Болашақта Алиданның білімін әрі қарай жетілдіріп, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін. Алған білімі мен ғылымының игілігін көрсе, Қазақстанның өркендеуіне ат салысса, біз үшін сол - үлкен бақыт", - деді анасы. 

Жеңістің жауапкершілігі

Ұлының жеңісі - аналық мақтаныш сезімінен бөлек, ел алдындағы жауапкершілік пен Қазақстанның беделі екенін терең сезіну. "Бұл жеңіс арқылы біздің еліміздегі талантты жастардың әлеуетін, олардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсете алдық деп ойлаймын. Мұндай табыстар Отанымыздың білім мен ғылым саласындағы жетістіктерін де әлемге танытуға септігін тигізеді" дейді. 

"Тілмен айтып жеткізе алмайтын қуаныш сыйлады десем болады. Ата-ана үшін балаңның жеңісін, жетістігін көру - үлкен бақыт. Әрине, бұл жетістіктің артында жүйелі, тұрақты білім де, талмай ізденіс те, қажырлы еңбек те тұр. "Ұлтыңның ұлы, халықтың баласы" бол деп Алиданның ата-апалары берген тәрбиенің де әсері мол деп ойлаймын. Алидан баламыздың АҚШ-тағы олимпиадаға қатысуы және оның абсолютті жеңімпаз атанып, еліміздің көк туын желбіретуі, Қазақстанымызды дүниежүзіне паш етуі жүрегімізді шаттыққа бөледі", - деп аяқтады анасы әңгімесін. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз