Елге көлік кіргізу ережесін қатаңдатудың салдары қандай болмақ?

1 желтоқсаннан бастап КТҚС негізінде әкелінетін 3 жасқа дейінгі автомобильдерді елге КТҚС-да көрсетілген заңды тұлғалар ғана әкелуге құқылы. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көлік импорттаумен айналысатын жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге арналған жаңа шектеулер дайындаған болатын. Massaget.kz тілшісі жаңа ереже енгізілгелі алыпсатарлар үшін не өзгергенін Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашевадан сұрады.

Егер қысқа әрі нұсқа түсіндірсек, бұдан былай Қазақстанға өз бетінше көлік әкелу үшін:

  • Жеке тұлғалар - жылына бір рет бір жаңа немесе жүрілген көлік құралын КҚКҚК бойынша рәсімдеп, арнайы мөлшерлемемен жеке пайдалануға арналған тауар ретінде кедендік тазартудан өтеді. Электркөліктер, кейір коммерциялық мақсатта пайдаланылатын көліктер мен мототехникалық ережеге бағынбайды.
  • Заңды тұлғалар - көлік құралының түрін мақұлдау бойынша жаңа көліктерді импорттай алады. КҚТМ арқылы өтетін көліктің заңды тұлғасы белгіленбесе, көлік құралы елге кіргізілмейді. Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер 3 жастан асқан жүрілген көліктерді КҚКҚК бойынша рәсімдей алады, оның санына шектеу жоқ.
  • Кедендік рәсімдеу бойынша қазақстандық тарифтер заңды тұлғаларға ғана қолжетімді: 15 пайыз кедендік рәсімдеу және 12 пайыз ҚҚС төлеу.

Анықтама!
КҚКҚК - көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік.
КҚТМ - көлік құралының түрін мақұлдау.
ҚҚС - қосылған құн салығы.

Фото: elements.envato.com

Не өзгерді?

Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашеваның айтуынша, мұнда ешқандай жаңа өзгеріс жоқ, жай ғана 2015 жылы қабылданған қолданыстағы заңнаманың сақталуына күшейтілген бақылау енгізіліп жатыр. 

"Бұған дейін кейбір заңды тұлғалар жүк көліктері мен арнайы техниканы әкелу кезінде оларды жеке тұлғаларға рәсімдеп, заң талаптарын бұзып жүрген еді. Ал енді кәсіпкерлік қызметке арналған көлік құралдарын (мысалы, жүк көліктері, автобустар, арнайы техника) әкелу кезінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес техникалық және кедендік реттеу талаптарын қосымша тексереді", - деді ол.

Сарапшы азаматтар мен заңды тұлғалар үшін қосымша шығынның енгізілмегенін алға тартты. Өйткені елімізде баждардың барлық мөлшерлемесі мен рәсімдік талаптары Еуразиялық экономикалық одақ құрылған кезден бастап қолданыста. Алайда салық төлеуден құтылу үшін коммерциялық көлікті жеке тұлғаларға рәсімдеп, нормаларды бұзып жүргендерге шектеу айтарлықтай сезіледі.

Бір жылда екі немесе одан көп көлік импорттау үшін...

Елге бір жылда екі немесе одан көп көлікті КҚКҚК арқылы әкелгісі келетін жеке тұлғалардың көлік құралы рәсімделмейді, өйткені бұл ҚР Қаржы министрлігінің №250 бұйрығына сәйкес кәсіпкерлік қызмет саналады. Тиісінше, импорт жеке пайдалану үшін де мүмкін емес. Егер азамат көлікті бір жыл толмай сататын болса, сату салығын төлеуге тура келеді - баға айырмашылығының 10 пайызы.

Фото: depositphotos.com

Заңға бағынбайтындарды қадағалаудың күшейтілуі нарыққа қалай әсер етеді?

Қазақстан автокөлік одағының басшысы Анар Мақашева, заңды түрде тіркелмеген тұлғалар талаптарға бағынбай, салықтан жалтарып келгенін айтады. Салдарынан, нарықта экологиялық немесе қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көлік құралдары көбейді, ал бұл жол қозғалысының барлық қатысушысы үшін қауіпті арттырды. Оған қоса, азаматтарға қайта сатуға болмайтын көліктер де сатылды.

"Ал енді бақылау күшейгеннен кейін ұзақ жылдар бойы көлік құралдарын талапқа қайшы импорттап келгендер, қызметін заңдастырып жұмыс істеуге немесе нарықтан кетуге мәжбүр болады. Бұл қайталама көліктер нарығындағы ұсыныстың санын азайтуы мүмкін, бірақ оны ретке келтіруге, ашықтық пен сатып алушылардың қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі", - деп түсіндірді Анар Мақашева.

Еске салайық, 18 қарашада ҚР ҚМ КХД сайтында 1 желтоқсаннан бастап КҚТМ бойынша автокөліктерді осы мақұлдауды рәсімдеген заңды тұлға ғана елге әкеле, яғни тек ресми тұлғалар әкеле алатыны туралы ақпарат жарияланған еді.