Танымал актриса Жұлдызай Дүйсенбиева "Мамский әңгіме" подкастында бала кезінде қалай өлім аузынан аман қалғанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актриса өзінің алдында екі ағасы болғанын, алайда олар бір түнде шетінеп кеткенін айтты.
"Менің алдымда 1978 және 1980 жылғы Рауан және Руслан деген екі ұл болған. Екеуі бір түнде шетінеп кеткен. Көз тиген дейді. Үлкен ағам екі жастан асқан кезі, ал кіші ағам 6 айлық болған. Одан кейін араға уақыт салып, мен дүниеге келдім", - дейді актриса.
Жұлдызай Дүйсенбиева сәби кезінде өзі де өлім аузынан аман қалғанын айтты.
"Мен де дүниеге келгеннен бастап ауырғанмын. 2-3 айлығымда дәрігерлер мені ақ матаға орап, "болды, адам болмайды" деп әке-шешеме беріп жіберген. Сонда анам таксиде келе жатып, әкеме "осы қыз өлсе, мен де өлем" депті. Қолында мен мұздап бара жатыр екенмін. "Бұдан артыққа шыдай алмаймын" деген. Өйткені анамның анасы, артынша екі баласы қайтыс болған. Өзі ол кезде 20 жастағы келіншек. Сол әңгімені естіп келе жатырған такси жүргізушісі "мына жерде бір қазақи еммен емдейтін емші бар еді, сіздерді соған апарайын" депті. Әке-шешем "бәрібір басқа амал жоқ, барайық" депті. Кезек көп болыпты, бірақ ол кісі кішкентай баламен келген әйелді кіргізіңдер депті. Бесікке салып, қара мата жауып тастапты. Қырық күн, қырық түн оқыпты.
Емші екінші күні түс көрдім, түсімде қызың ақ кептерге мініп, ақ жіпті ұстап, аспанда ұшып бара жатыр, әлі талай қызықты осыдан көресің, адамды аузына қарататын қыз болады депті. Анам "біркүні бесіктен демің шыққан кезде жылап жібердім" дейді. Міне, құдайға шүкір, биыл 43 жасқа келдім. Осының бәрін естіп өскен мен өмірдің әр секундын бағалаймын. Әр ұсақ-түйекке ренжіп жатып алмаймын. Өмірдің қадірін білемін", - дейді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!