Астана Мәслихатының депутаты Сәуле Самидин жақында елордада өнер көрсеткен америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопестің сахналық костюмдері туралы сөз қозғап, қазақстандықтардың назарын аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәуле Самидин Threads желісіндегі жазбасында Дженнифер Лопестің сахнаға киіп шыққан киімдері тым ашық болғанын мәлімдеді.
"Көпшілік JLO-ның ашық костюмдеріне назар аударды. Тіпті қызым (ол 16 жаста) әнші Әмірліктердің мәдениетін құрметтеп, жабық киім кигенін айтты. Біз Әмірліктер емеспіз, біздің құндылықтарымыз бөлек. Бірақ бізде де менталитет бар, кейбір образдарды жергілікті аудиторияға бейімдеуі керек еді. Дегенмен, әрине, JLO өз стилі мен болмысынан аттап кете алмайды. Бірақ маңыздысы - жас ұрпақтың бұл нәрселерді басқаша қабылдай бастағаны. Бұл - тыйымдарға емес, мағыналы диалогқа себеп", - деп жазды ол.
Threads
Әлеуметтік желілерде депутаттың бұл жазбасы қызу талқыға түсті. Көпшілік депутаттың қазақстандықтардың өзекті мәселелеріне емес, әншінің киіміне назар аударғанына наразылық білдірді.
"Құрметті Сәуле! Сіз біздің Мәслихаттың 2023 жылдан бергі төрағасы екеніңізді ескере отырып, сізден біздің еліміздегі маңызды және қажет нәрселерге назар аударуыңызды сұраймыз. Мысалы: әйелдердің құқықтары мен оларды әлеуметтік қорғау, елді алаяқ құрылыс компанияларынан, сондай-ақ, кибералаяқтардан құтқару, алимент бойынша жалақысын жасыратын әкелерді қудалау, елдегі инфрақұрылым нысандарын жөндеу кезіндегі сыбайлас жемқорлық, жолдарды жөндеу және т.б. бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу", - деді желідегілердің бірі.
Айта кетейік, Сәуле Самидин - 2023 жылғы наурыздан бастап Астана қаласы Мәслихатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы. Астана іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, AMANAT партиясының мүшесі. Мемлекеттік наградаларға, соның ішінде "Ерен еңбегі үшін" медаліне ие.
Еске салайық, 1 тамызда елордадағы Астана Арена стадионында әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік туры аясында өнер көрсетті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова