Дженнифер Лопестің Астана Аренада өтетін концерті кезінде қозғалыс уақытша шектеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
1 тамызда елордадағы Астана Арена стадионында әлемге әйгілі америкалық әнші Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік туры аясында өнер көрсетеді.
"Ауқымды концерт өтуіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қонақтардың ыңғайлы келіп-кетуі мен қозғалысын ұйымдастыру мақсатында Астана Арена стадионы маңындағы "Алау" мұз сарайы және "Сарыарқа" велотрегі жағынан көлік қозғалысы уақытша шектеледі", - деп жазылған хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, көлікті мына орындарға қоюға болады: Алау мұз сарайы, "Барыс Арена" мұз айдыны, "Сарыарқа" велотрегі, Ботаникалық бақ (Бұқар жырау және Орынбор көшелері жағынан), Керей мен Жәнібек хандар көшесі және басқа да тұрақ орындары.

Концертке келушілер үшін қала бойынша бес орыннан "Астана Арена" стадионына және кері бағытта арнайы шаттл-автобустар қатынайды:
- Астана цирк тұрағы;
- Әзірет Сұлтан мешітінің тұрағы;
- QAZAQSTAN спорт кешенінің тұрағы;
- Тұран даңғылы жағынан Орталық саябақ тұрағы;
- Бас мешіт тұрағы.
Шаттл-бастар концерт басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін екі бағытта қатынайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова