Кеше Дженнифер Лопес Up All Night атты әлемдік туры аясында Алматыда жеке концерт береді деген ақпарат тарады. "Қайрат" бұл концерт футбол клубының жоспарында жоқ екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қайрат" клубы мәліметінше, концерт өтетін күн, яғни 10 тамыз клубпен келісілмеген.
"Қайрат" футбол клубына Алматы қаласының Спорттық нысандар дирекциясынан Орталық стадионды мәдени шараға алдын ала брондау туралы ресми хабарлама түсті. Жауап ретінде клуб ҚР Чемпионаты премьер-лигасының бекітілген спорттық күнтізбесіне, сондай-ақ, "Қайрат" футбол клубының еурокубок аясындағы халықаралық міндеттемелеріне байланысты көрсетілген мерзімде стадионды пайдалануға болмайтынын хабарлады", - деп жазылған мәліметте.
"Қайрат" ФК - "Жеңіс" ФК ресми матчі 9 немесе 10 тамызда стадионда өтеді деп жоспарланған. Сонымен қатар, 7 және 12 тамызда команда еурокубокқа қатысады. Осыған байланысты стадион УЕФА талаптарына сәйкес міндетті түрде дайындалады. Бұл күндері басқа шараларды өткізуге болмайды.
"Осы айтылғандарды ескере отырып, "Қайрат" ФК концерт өткізілетіні туралы хабарландыруға таңғалды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамызда Астанада өнер көрсетеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!