“Джеки Чан Қазақстанда“: Маңғыстауда танымал жобаның түсірілімі басталды

Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чан түсетін "Доспехи Бога 4: Ультиматум" атты халықаралық жобаның түсірілімі басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өңір әкімдігі мәліметінше, қазір түсірілім тобы Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафттарында алғашқы кадрларды таспаға түсіріп жатыр.

Фильмнің негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында осы аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс істеп, фильмнің көріністерін түсірген.

Бұл жоба - отандық киноиндустрия үшін маңызды оқиға. Ол ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Өңірдің бірегей табиғи және тарихи нысандары халықаралық жобада көрініс табуы миллиондаған көрерменнің назарын аударып, туризм дамуына, өңір мен еліміздің халықаралық беделі нығаюына ықпал етеді.

Айта кетейік, түсірілім жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланып отыр, ал фильм 2027 жылы ақпанда прокатқа шығады.

Еске салайық, бұған дейін әлемдік кино жұлдыз Джеки Чан және режиссер Роберт Кун жаңа ірі киножобаның негізгі түсірілім алаңы ретінде Маңғыстауды бекіткені хабарланды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!