- Негізгі бет
- LifeStyle
- Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына...
Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме ашылады
Жақында Ұлттық музейде Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған көрме ашылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2024 жылғы 12 қыркүйек күні сағат 15:00-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейінде Қазақстанның халық әртісі, композитор және мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған "Дүние дидарындағы Димаш" атты көрменің ашылу рәсімі өтеді", - деп хабарлады Dimashnews.com.
Көрме халықтың сүйіктісі Димаш Құдайбергеннің Астанадағы концерті аясында әртістің шығармашылық жолы мен жетістіктерін көрсететін бірегей мәдени кеңістік құруға бағытталған.
"Дүние дидарындағы Димаш" көрмесіне қазақ жанының болмысын бейнелейтін, оның қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құндылықтар, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйерлердің сыйлықтары ұсынылады.
Көрме мазмұны жағынан бір-бірімен байланысты келесі бөлімдерден тұрады:
"Шабыт көздері" - әртістің өмірбаяны, өскен ортасы, балалық шағы мен шығармашылық жолын көрсететін заттар (фотосуреттер, жекелеген заттар);
"Даңққа апарар жол" - кәсіби білім жолында алған дипломдары, республикалық, халықаралық байқауларда иеленген марапаттары және т.б.;
"Жанкүйерлер махаббаты" - әртістің жанкүйерлері тарту еткен сыйлықтар;
Ұлт мәдениетінің жаршысы" - әлемдік аренада ұлттық мәдениет пен брендтің танылуына ықпал ететін Димаштың заттары (ұлттық музыкалық аспаптар, ұлттық костюмдері, баспа материалдары және т.б.).
Еске салайық, көрме 6 қазанға дейін жалғасады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева