Диетолог Коллин Фогарти-Дрейпердің айтуынша, адамдардың түнде ыстықтап, терлеп оянуына ағзадағы ішкі процестер себеп болуы мүмкін. Бұл туралы маман HuffPost басылымына берген пікірінде айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның сөзінше, мұндай белгілер көбіне әйелдерде кездеседі. Бұған дене температурасын реттеуге әсер ететін гормондардың құбылуы себеп болуы ықтимал. Эстроген мен прогестерон деңгейіндегі аз ғана өзгерістің өзі ағзаның қалыпты жұмысына әсер етіп, ұйқы кезінде дененің қызуына және кенеттен қатты терлеуге әкелуі мүмкін.
Фогарти-Дрейпер стресс те жағдайды ушықтыратынын атап өтті. Себебі кортизол деңгейінің жоғарылауы ұйқыға әсер етеді.
Мұндай жайсыздықты азайту үшін диетолог жатын бөлмені салқындатып, ұйықтауға жеңіл киім таңдауға және ұйқы алдында денені шамадан тыс қыздырмауға кеңес берді.
Сонымен қатар, маман менопауза кезеңінде де мұндай ыстық басу белгілеріне төзіп жүре бермеу керегін айтты. Егер ол ұйқыға кедергі келтірсе, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!