Диетолог окрошканың қандай түрі арықтауға көмектесетінін айтты

Окрошканы әркім әртүрлі дайындайды: біреуге кваспен жасалғаны ұнаса, енді бірі тан немесе айран қосылған түрін қалайды. Ал артық салмақтан арылғысы келетіндер үшін қайсысы пайдалы? Бұл сұраққа диетолог Инна Пичугина жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Доктор Питерге" сілтеме жасап.

Окрошка - жазда, әсіресе аптап ыстықта сүйсініп ішетін жеңіл тағамдардың бірі. Диетолог Инна Пичугинаның айтуынша, жаз мезгілінде окрошка ағзадағы су балансын толықтыруға көмектесіп қана қоймай, дәрумен, минерал мен жасұнықтың қосымша көзі бола алады.

Алайда бұл тағамды барынша пайдалы ету үшін оны дүкеннен алынған шұжықпен емес, қайнатылған етпен дайындаған дұрыс. Мысалы, тауық немесе күркетауық етін қосуға болады. Сондай-ақ құрамында қант пен түрлі қоспалар көп болатын дүкен квасын пайдаланған аса пайдалы емес. Диетолог табиғи ашытылған сусынды қолдануға, тіпті мүмкін болса, оны үйде дайындауға кеңес береді.

Арықтауға арналған окрошка рецепті

Артық салмақтан арылғысы келетіндерге Пичугина окрошканы майлылығы төмен айранмен немесе минералды сумен дайындауды ұсынады. Қаласаңыз, айранды минералды сумен аздап сұйылтып қолдануға болады.

Сондай-ақ бір порцияға қосылатын өнім мөлшерін бақылау маңызды. Диетолог арықтағысы келетіндерге арналған окрошканың тиімді құрамын атады:

  • 25–30 грамм қайнатылған ет;
  • жұмыртқаның жартысы;
  • картоптың жарты түйнегі;
  • 1 орташа қияр;
  • 2–3 шалғам;
  • ұсақтап туралған көк шөп көбірек.

Орта есеппен мұндай порцияның салмағы 300–400 грамм болып, құрамында шамамен 380–420 килокалория болады.

Дегенмен окрошка диетасына тым әуес болмаған жөн. Асқазан-ішек жолы ауыратын, өтінде тас бар немесе ойық жарасы бар адамдарға бұл тағамды шектеу, тіпті кей жағдайда мүлде бас тарту ұсынылады. Ал қант диабеті бар адамдарға тәтті кваспен дайындалған окрошка жеуге болмайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!