Бүгінде адамдар мүлде қолданылмаған жаңа затын да, бірнеше жыл тастамаған ескірген затын да сатып жатады. Оның арасында ескі телефондар да бар. Дегенмен мамандар ескі гаджет сатып алмауға кеңес береді. Неге? Massaget.kz тілшісі IT-маманы Дәулет Серікбаевтан ескі телефон сатып алу несімен қауіпті екенін сұрады.
Маманның айтуынша, алаяқтар қасақана вирусы бар телефонды сатып, осылайша жаңа құрылғы иесінің жеке деректерін ұрлауға тырысады. Мұндай бағдарлама көбінесе қарапайым қосымша сияқты жасырылады.
"Ескі телефон сатып алу белгілі бір қауіптермен байланысты. Егер дұрыс тексермесеңіз немесе алдыңғы иесінің деректері жойылмаса, жеке ақпараттың ұрлану қаупі бар", - деді ол.
Маман өмірде ескі телефон арқылы құрылғының жаңа иесінің деректерін ұрлау жағдайлары кездескенін айтады.
"2015 жылы АҚШ-тағы зерттеушілер жойылған деректерді қалпына келтіру арқылы бұрынғы иелердің жеке ақпаратын қайта ала алған. Кейбір кибершабуылшылар қолданылған телефондарды сатып алып, ішіндегі ақпаратты қалпына келтіру арқылы алаяқтық жасайды", - деді ол.
Дәулет Серікбаев сатып алынған құрылғыны әрдайым зауыттық күйіне келтіруге кеңес берді.
"Егер сіз смартфонды ресми хабарландыру сайттары арқылы сатып алып жатсаңыз, байланысу үшін өзге мессенджерлерді мүлдем қолданбаңыз. Төлем мен жеткізу тақырыбы тек хабарландыру сайтының хат алмасу бөлімінде талқылануға тиіс", - деді IT-маман.
Сонымен қатар маман ұялы смартфонды қолдан сатып алу кезінде жарнаманың өзін, профилін зерттеу және оның сайттағы рейтингін бақылау өте маңызды екенін айтады. Телефонды тексеру барысында оның зауыттық параметрлерін қалпына келтіріп, жадында ешқандай дерек қалмағанына көз жеткізген дұрыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!