Ұзақ жыл бойы темекі шегу ми саулығына көп зиян келтіретін әдеттердің бірі. Бұл туралы академик Ройтберг клиникасының неврологы Галина Чудинская айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lenta.ru-ға сілтеме жасап.
Дәрігердің сөзінше, темекі есте сақтау мен ойлау қабілетінің тұрақты бұзылуы және деменция қаупін айтарлықтай арттырады. Темекі түтіні қан тамырларын тарылтып, мидағы қан айналымын нашарлатады әрі тіндерге оттегінің жетуін азайтады.
Уақыт өте келе жүйке жасушаларының жұмысы әлсіреп, ми тез шаршайды және баяу қалпына келеді. Соның салдарынан адамның зейіні, ойлау жылдамдығы, қысқа мерзімді жадысы және шешім қабылдау қабілеті төмендейді.
Темекі шегетін адамға зейінін бір жерге шоғырландыру қиындап, ол жиі алаңдайды, ақпаратты баяу қабылдайды және ой еңбегіне кеш кіріседі. Сонымен қатар, жаңа нәрсені меңгеру мен түрлі жағдайға бейімделу қабілеті төмендейді.
Ұзақ уақыт темекі шегу мидағы сұр зат көлемінің азаюына, қан тамырларының зақымдануына және нейрондар арасындағы байланыстың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Мұның әсері бірден байқалмаса да, уақыт өте келе есте сақтау қабілеті мен реакция жылдамдығына кері ықпал етеді.
Жастарда зейін қою, білім алу және жылдам әрекет ету қабілетіне қатысты қиындықтар ертерек байқалады. Ал егде жастағы адамдарда деменция мен қан тамырлары ауруларының қаупі жылдам артады.
Маман темекі түтінін тартпай-ақ иіскеу де қауіпті екенін ескертті. Ұзақ уақыт пассив шылым шегу адамның ойлау қабілетін төмендетіп, деменция қаупін арттыруы мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz