Демалыс күні жұмыс істеу заңды ма?

Жұмыс беруші қызметкерді демалыс күндері жұмысқа шығара ала ма? Бұл сауалға Мемлекеттік еңбек инспекциясы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жағдай заңды ма?

Ведомство мәліметінше, демалыс және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат етіледі, алайда жұмыс беруші еңбек заңнамасы талаптарын сақтауға міндетті.

Еңбек кодексінің 85-бабына сәйкес заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерді демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға олардың жазбаша келісімімен немесе өздерінің өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде ғана рұқсат етіледі.

Қызметкер нені білуі маңызды?

  • Қызметкердің келісімі. Жалпы ереже бойынша жұмыс беруші қызметкерді оның жазбаша келісімінсіз демалыс күні жұмысқа тартуға құқығы жоқ.
  • Еңбекақы төлеу. Еңбек кодексінің 109-бабына сәйкес демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу қызметкердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесін негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде есептеледі.
  • Басқа демалыс күнін беру. Қызметкердің қалауы бойынша жоғарылатылған еңбекақы төлеудің орнына басқа күні демалыс берілуі мүмкін.
  • Ерекше жағдайлар. Заңнамада қызметкердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа шығаруға рұқсат берілетін жекелеген жағдайлар көзделген.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз