Қазақстан президенті Қасым-Жомарт 30 мамырда ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Осыған байланысты мемлекет басшысы үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, биыл 1 шілдеге дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс. Ал 1 қазанға дейін мерейтойдың жалпыреспубликалық жоспары бекітілуі керек.
Бұдан өзге мемлекет басшысы "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғыртуды, Абайдың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, ақын еңбектерін шет тілдерге сапалы аудару сияқты шараларды іске асыруды тапсырды.
Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын Біріккен Ұлттардың Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) мен Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы (ТҮРКСОЙ) аясында мерекелеуді ұйымдастыру жөніндегі мәселені пысықтауға да қаулы етті.
Мерейтойды ұйымдастыру жауапкершілігі президент әкімшілігіне жүктелді.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілініңнегізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орысжәне еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Ол ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.
Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған "Қара сөздері" - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.