Нұрпейісов Нобель сыйлығын ала ма?

Нұрпейісов Нобель сыйлығын ала ма?
Фото: vk.com

Қазақстанның халық жазушысы, әдебиетіміздің көзі тірі бүгінгі абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов Нобель сыйлығына ұсынылып отыр.

Сейсенбі күні Астанада ашылған "Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті" ІІІ халықаралық оқу конгресінде ресейлік жазушы, "Художественная литература" баспасының директоры Георгий Пряхин осылай деп мәлімдеді.
"Қазақтарда ғажап әдебиет бар. Қазақстан жерінде орыс әдебиетінің тамаша үлгілері де жазылды. Александр Солженицынды жақтырмасаңыздар да, ол бұл жерден нәр алды. Иван Шухов, көптеген орыс тілді жазушылар да осы жерден түледі. Біздің баспамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Соңғы парыз" романын Нобель сыйлығына ұсынды. Ол романына кезекті мәрте түзету енгізді. Нұрпейісов – күрделі тұлға болса да, аса дарынды жазушы. Ол өз шығармасында экологиялық және психо­логиялық мәселелерді көтерді. Оның көтерген мәселесі – Қазақстанға, Аралға, Орталық Азияға ғана қатысты емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Нұрпейісовті ұсынғанда біз бір белгілі Нобель сыйлығының лауреатының қолдауына ие болдық. Хат жазғанда оның Ұлы Отан соғысының көзі тірі ең соңғы ардагерлерінің бірі, Сталинградты қорғаушы екенін атап көрсеттік" деді Г.Пряхин.

Екі күнге жалғасқан конгрес­ке әлемнің 26 елінен қонақ­тар қатысты. Соның ішінде "Адам­заттың Айтматовы" атанған Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына арналған, қазақ­тың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидің 85 жылдығына арналған іс-шаралар өтті.

www.astana-akshamy.kz

А. Оралқызы