Өзбекстан Жазушылар одағы – Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өткізді

Өзбекстан Жазушылар одағы – Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өткізді
Фото: Жазушылар Одағы

"Өзбек классикалық және заманауи әдебиетін зерттеу мен насихаттаудың өзекті мәселелері" атты Халықаралық конференция аясында Өзбекстан Жазушылар одағы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы, көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Ұлықбек Есдәулет пен Сирожиддин Саййид екі елдің мемлекет басшыларының өзара достығы мен барлық саладағы ынтымақтастық қарым-қатынастар әдеби байланыстарымызды одан сайын нығайта түскенін алға тартып, екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы әдебиеттің рөлі мен маңызы ерекше екеніне тоқталды.

Атап айту керек, қазір өзбектің классикалық және заманауи әдебиетінің халықаралық деңгейде танылуы үшін, бауырлас халықтардың әдеби шығармалары мен әлемнің үздік туындыларын өзбек тіліне аударуға көп күш жұмсалып, үлкен еңбектер атқарылуда. ҚЖО басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет өз баяндамасында: "Президент Шавкат Мирзиёевтің Өзбекстанда Қазақстан жылын жариялап, Абай мұрасымен танысуға және насихаттауға шешім қабылдауы туыстас екі халықтың бауырмалдығының одан сайын нығая түскенінің айқын дәлелі. Қазақстандық қаламгерлер оған қатты қуандық. Бұл Өзбекстан Президентінің әдебиетке, шығармашылық адамдарына көрсетіп жатқан қамқорлығының жарқын көрінісі, – деп ерекше атап өтті. 

Шара барысында Өзбекстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында туыстас екі елдің әдеби байланыстарын әлі де болса нығайту мен дамыту төңірегіндегі мәселелер қаралып, нақты атқарылуға тиіс шаралардың жобасы жасалды.

Т. Раушанұлы