Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Бесінші маусым жұпары" кітабы жарық көрді

Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Бесінші маусым жұпары" кітабы жарық көрді
Фото: massaget.kz

Әдебиетсүйер қауым үшін жақсы жаңалық! Қазақтың белгілі ақыны Тыныштықбек Әбдікәкімұлының "Бесінші маусым жұпары" атты жаңа өлеңдер жинағы жарық көрді. 

Су жаңа кітап "Атамұра" баспасынан шықты. Ақынның бұл жинағына жаңа өлеңдері мен толғаулары, балладалары мен поэмалары енген. Жинақтағы шығармалар – Табиғат-Ананың тылсым күштерінің, қоғамдық құбылыстардың һәм тарих тағылымдарының алуан сыр-сипаттары мен адам жан дүниесінің де құпияларын танып-білуге ынтық оқырмандарды парасатты ой, сұлу сезім қуатымен баурап аларлық поэтикалық-философиялық тосын шешімдерімен құнды. 

Жаңа кітаптан өлең оқи отырыңыздар!

***

Тегінде, мен – 
– қоңыр үнінен қорқып қашатын шүбә мың,
қазақ аңқыған қарапайым дұғамын.
Жебеушім – Күн-Әмір.
Жап-жасыл жайлау – бауырым.
Қимасым – құба қыр.
Жетіқараңғы түнде бір тал шөп жылай қалса да,
Көріп жатқан көркем түсімнен де суырылып шығамын!..

Туған Жерім!..
Оның барша жәндігімен сырласпын.
Мұхит шерінен жаратылған бұлттарымен мұңдаспын.
Дүние тепе-теңдігін сақтап тұрған Тауларымен құрдаспын.
Қалада болсам да, жатып қаламын, құрысып-бүрісіп жон-арқам,
Мылтықтанып қосаяқты бір жынбасқыр,
Көкке ұлып, өліп кетсе егер дүр қасқыр!

Туған Жерім!..
Ондағы аламанның тегі де – Жұмақтан.
Аң-құсының тегі де – Жұмақтан.
Ауасының тегі де – Жұмақтан! 
Бір жұтым суын ішкізіп-ақ,
Тәубасыз талай оңбағанды жылатқам.

Атамекенім барда, болып көрген жоқпын құсалы.
Мысалы,
Оған деген іңкәрлігім – сиқырлы күш-әлім.
Топырағына күбірлей қалсам, 
Білемін
Көк тасының да көбелек болып ұшарын!

Туған Жерім менің!..

***

Бөлмең іші – толған кітап.
Жақсы білесің баршасын.
Кейбіреуі – ғалым.
Кейбіреуін күнде иіскейсің. иіскегендей туған жердің аршасын.
Кейбірінен өлі мұхит мүңкиді.
Қағазданған сонша су?!..

Кейбіреуі – қара жұмысшы, тер төккен. 
Кейбірінен көздің жасы мөлтектер.
Ал, «аспаннан түскендері» Күннің Ес екендігінде де білмейді.
Қараңғы ертектер.

Иә, шешендері де бар, бірінен бірі өткен.
Біреулері – жерленуге жөнелтілетін сүйектер.
Енді бірі – өзіңді ессіздікке ағызып әкететін сұм өзен.
Бірі – көне тарих жағалауына алып шығатын тірі өткел.

Кітап көп.
Біреулері – шарап,
Біреулері шұбат болып та ішілер.
Біреулері еркісіз еріп те кетеді, қонақ кісіңе.
Даналары да бар, бағыт беріп отыратын ісіңе...
Баршасының қуатын өлшеп көрші сен,
Миллиард аттың күші ме?!

Періштелерің ғана жазып жатқан бір Кітап
Жиі кіріп жүр түсіңе...

***

Уа, жас ақын,
Бақылап тұр сені үй гүлдері, тоққарын.
Бүгін – жексенбі.
Мейлі, дүйсенбі болса да,
Қорытындысын шығарып отыру керек әр күннің, айдың, аптаның.
Сыртта, 
Жанған Күн астында – нәп-нәзік жапырақ.
Жадында оның қолжазба бар, қап-қалың.

Сол жазбада жұрт саудаға дүрлігіп,
Саясатқа дүрлігіп,
Қызылкеңірдек болысады түрлі ұғым!
Тіпті, сенің де – 
сонда тұтас жазылған, ғұмырбойғы арманшыл тірлігің.

Демек, сол жапырақты да қорғау керек.
Жырлау керек жасылын.
Әлсіз тұстарын жұпарлап, құрт-құмырсқалардан жасырын.
Ана, үй гүлдерін де ойлап қой.
Олар да – өз нәсілің.

Сонымен... жексенбі.
Мейлі, болсын тіпті дүйсенді.
Уа, жас ақын, мен сенен де жаспын!
Күлсең күл.
Ақ қағаз да қоя берер жыр аңқып, 
Маңдайынан жақсылап тұрып сүйсең бір!..

Біз де сайт ұжымы атынан ақынға құтты болсын айтып, шығармашылық табыстар тілейміз! 

Ж. Жұмағұлов