Қазақ ақынының поэмасы әлемдік әдеби байқауда жүлде алды

Қазақ ақынының поэмасы әлемдік әдеби байқауда жүлде алды
Фото: facebook.com

Қазақтың танымал ақыны, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбайдың "Қара орамал" поэмасы VI Еуразиялық ашық әдеби байқауда, поэзия номинациясы бойынша үшінші орын алды. 

Бұл қуанышты жаңалықты жазушы Бейбіт Сарыбай фэйсбук парақшасына жазды: 

"Сүйінші! Швецияның Стокгольм қаласынан жақсы хабар жетті. Еуразиялық Шығармашылық Гильдиясы және Herdforshire Press баспасы ұйымдастырған VI Еуразиялық ашық әдеби байқауда, поэзия номинациясы бойынша ақын Ғалым Жайлыбайдың «Қара орамал» поэмасы үшінші орын алыпты. Әлемнің 36 мемлекетінен 1600 шығарма түскен байқауда үшінші орын алу үлкен жетістік. Енді бұл поэма осы байқауға қатысқан елдердің тіліне аударылады екен. Құтты болсын!"

Біз де сайт ұжымы атынан ақынды жеңісімен құттықтаймыз! Бұл ақынның ғана емес, бүтін қазақ елінің жеңісі! Ұзағынан болсын!

Ж. Жұмағұлов