Әдеби классика негізінде түсірілген жаңа фильмдер

Әдеби классика негізінде түсірілген жаңа фильмдер
Фото: vk.com

Соңғы кездері әдебиетсүйер қауымның қуанышына орай көптеген режиссерлер классика негізінде фильм түсіруді қолға алып жүр. Алайда, бұл жаңалық оларды қуантарына нақты сенімді болу өте қиын. Өйткені, классикаға құмар жандар әдетте кинематограф туындыларына көңілі толмай жатады. Десе де, қорды кез-келген мәнсіз, мағынасыз фильмдермен толықтырғанша, осындай үлгі боларлық фильмдерді көптеп шығарса құба-құп болар еді.

Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана біз атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романының авторы Габриэль Гарсия Маркес өмірі туралы колумбиялық Серхио Кабрераның режиссерлігімен түсірілген сериал шығатынын хабарлаған болатынбыз. Оның сюжеті ұлы жазушының досы әрі биографы Плинио Апулейо Мендосаның естеліктері бойынша жазылған.

Сондай-ақ, әлем әдебиетінің жақұты “Дон Кихот” романы негізінде режиссер Терри Гиллиамның «Дон Кихотты өлтірген адам» аталатын  20 жыл бойы түсірілімі аяқталмай келген фильмі де жарыққа шықпақ.

Бұларға қоса, режиссер Егор Барановтың жаңа «Гоголь» туындысының трейлері жарық көрді.Николай Васильевич Гоголь мен Яков Петрович Гуро есімді тергеушінің адамдар белгісіз жағдайда жоғалып кете беретін Диканька ауылына келуін баяндайтын мистикалық сериал жақын арада көрермен назарына ұсынылмақ.

Готикалық әңгімелерге көңілі құштар жандар үшін жақсы жаңалықтар қатары көбейіп отыр. Өйткені, алдағы жаз айларында бірінен соң бірі бірнеше мистикалық, алайда, махаббат пен көркемдікке толы туындылар жарық көргелі отыр.

Олардың алғашқысы – София Копполаның «Қатерлі арбау» аталатын фильмі. Оның түсіріліміне Николь Кидман, Кирстен Данст пен Колин Фаррелл сынды беделді әрі талантты актерлер жұмылдырылған.

Сәл кейінірек, жазушы Джером Сэлинджер туралы «Алқаптағы бүлікші» атты байопик, яғни, биографиялық картина шығады. Онда Сара Полсон, Кевин Спейси мен Vogue журналының сәуірлік нөмірі мұқабасын әрлеген Зои Дойч ойнайды.

Маусым айында көрермен назарына Дафна дю Морьенің  «Менің бөлем Рэйчел» аталатын романының экранизациясы ұсынылады.

Басты рөлді кейіпкердің аттасы Рэйчел Вайс сомдайды. Психологиялық құпиялар мен мистикаға қанық фильмнің әсерлі болуына Корнуэль алқаптары мен айрықша костюмдерге қоса, актерлердің шеберлігі де себепкер екені анық.

Роман желісі бойынша түсірілген фильм премьерасын көруге төзіміңіз жетпей жатса, оның 1951 жылы режиссер Генри Костер түсірген нұсқасын тамашалай тұрсаңыз болады. Ол өз кезегінде төрт мәрте «Оскар» марапатына ұсынылған екен. Ал, Филипп рөлін сомдаған Ричард Бертон үздік дебютант ретінде «Алтын глобусқа» қол жеткізген. 

Жаңа фильмдер осы  жазда кинотеатр табалдырығын тоздырмақ болып отырған әдебиетсүйер қауымның көңілінен шықсын деп тілейміз.

А. Оралқызы