"Үр" және "Сая" егіз кітабы жарыққа шықты

"Үр" және "Сая" егіз кітабы жарыққа шықты
Фото: Аслан Тілегенов

Күні кеше ғана жас ақын, "Ұлан" газетінің тілшісі Аслан Тілегенов пен оның жары марқұм Гүлзат Нарытбектің "Үр" және "Сая" атты «twinbook» (егіз кітап) форматындағы кітабы жарық көрді. Су жаңа кітап "Арыс" баспасынан шықты. Осынау қуанышты жаңалықты естігеннен кейін, алып-ұшып Асекеңе барып, кітап жөнінде әңгімелеп беруін өтінген едік. 

– Асеке, жаңа кітап құтты болсын! Көптен күткен кітап жөнінде тоқталып, аз-мұз айтып өтсең...

– Рақмет! Ең алғашқы жинақтың орны бөлек екен. Ішіндегі жазғандарыма көңіл толмаса да ыстық, әйтеуір. Тұңғыш ұлың секілді. Ерекшелігі – жарым екеуіміздің егіз кітабымыз, бір уақыт кезеңінде жазған-сызған дүниелер. Әуелгі ойым тек өзінің ғана әңгімелерін, жетпей жатса күнделіктерін қосып бір жинақ жасау еді. Кейін егіз кітап ойға келді. 9 әңгіме, 4 эссе-монолог енді. Өлеңдер аз. Біразын жоғалтып алдым. Келіншегімнің әңгімелерінің бір сөйлеміне тиіскенім жоқ, онсыз да жақсы жазады. Ал өлеңдер топтамасын әдебиетке жатқызуға болмайды. Қанша ізденіс болса да оны әспеттей алмаймын. Тек өртеп жіберуге қимадым. Келіншегім оларды қызғыштай қоритын.

– Твинбук форматында шыққан кітаптың атауы да ерекше екен. "Үр" деген не? "Сая" деген не?

– Келіншегімнің жинағы атауын бірден «Сая» деп ойладым. Өте әдемі есім ғой. Сол аттас әңгімесі де бар. Оқысаң, қызық сезім кешесің. Ал «Үр» атауын ақын Құл-Керім ағамыз қойды. Арабтың «Хур» дегенінен шыққан. Бізше «Хор» деп те атайды. «Таза» деген мағынаға саяды. Алматыға алғаш келгендегі таза көңілдің, есепсіз өмірдің жазбасы болған соң да осы атауды қойдым.

– Марқұм жеңгеміздің бұл кітапқа толық шығармалары енді ме? Енбей қалған яки аяқталмай қалған әңгімелері бар ма?

– Бас-аяғы бар шығармаларының бәрі енді. Бітпей қалғаны – өзінің ары қарай жазғысы келмегені болар деп ойладым. Себебі оларды ертеректе, мектеп кезінде-ақ бастап қойған екен. Жинақтағыларының өзі 1-2 курста ғана жазған дүниелері. Кезінде «Қазақ әдебиеті» газетіне, «Үркер», «Ақ желкен» журналдарына, студенттік альманахқа шыққанда-ақ көпке ұнап, үлкендердің батасын алған. Үйленгенімізден кейін жазбады.

– Асеке, ақын жанының дерті де, дауасы да – қасиетті өлең. Байқасам, бұл кітаптағы өлеңдерің студент дәптеріндегі өлеңдер секілді. Қазір не жазып жүрсің? Шығармашылық жағы қалай?

– Иә, студенттік кездегі жазбалар. Әлгінде айтқанымдай, әдеби талқылауды «қажет етпейтін» жазбалар. Шығармашылық енді басталатын сияқты. Арқамда үлкен жүктің барын енді сезгендеймін.

– Шығармашылық сапарың оң болғай! Әңгімеңе рақмет! 

Барша әдебиет сүйер оқырмандар назарына!

Ж. Жұмағұлов