- Негізгі бет
- Жаңалық
- Коддингтон кітабы —...
Коддингтон кітабы — қайтпас құмарлық қайтарымы
"Сән інжілі" саналатын Vogue журналының сән өндірісіне деген қайтпас құмарлығымен белгілі креативті директоры Грейс Коддингтонның Phaidon баспасында жарық көрген "Грейс: Vogue-тегі 30 сән жылы" атты кітабының екінші бөлімі осы жылдың күз мезгілінде оқырмандарға жол тартты. Кітаптың атауы сәнқұмар қауым үшін таныс болатын себебі, бұл – Грейс ханымның бұрын соңды шыққан 408 беттік бір томдығының жалғасы.
Phaidon баспасы шығарған кітап Грейс Коддингтонның сән әлемінде алғаш британиялық Vogue журналынан басталып, кейін оның америкалық нұсқасында жалғасқан мансабы туралы мәліметтер береді.
Аса беделді креативті директор туралы одан бұрын Германияның Steidl баспасынан шыққан басылым сән королі Карл Лагерфельдтің 7L аталатын кітап дүкенінде көпшілікке ұсынылған болатын.
Ал, жаңадан жарық көрген кітапта британиялық және америкалық Vogue журналдарында 1972-2002 жылдар аралығында жасалған жұмыс нәтижелері көрсетілген. Әуел бастан баршаны таңдандырып жүрген Грейс Коддингтонға ғана тән ерекше көркемдікке ие фотосуреттермен қоса, fashion-диктатор Анна Винтур ханымның алғы сөзі берілген.
"Бұл кітап өзінің нәзік мақамы арқылы менің жұмысымның қаншалықты ләззат сыйлағанын әрқашан есіме салып тұрады. Оның әрбір парағында сипатталған сәндер, сәттер, орындар менің өз ісіме деген ұшан теңіз махаббатымды көрсетеді,"– дейді Коддингтон.
Сонымен қатар кітаптың ішіне атақты 30 фотографпен бірлесе жасаған туындылары да қосылған, олардың ішінде Дэвид Бейли, Сесил Битон, Ги Бурдена, Артур Элгорт, Стивен Кляйн, Энни Лейбовиц, Стивен Майзель, Хельмут Ньютон, Норман Паркинсон, Ирвинг Пенн, Лорд Сноудон, Марио Тестино және Брюс Вебер секілді барша әлемді мойындатқан алпауыттар және 60-ыншы жылдардан бастап осы күнге дейінгі белгілі сән бикештері де бар: Пенелопа Три, Джерри Холл, Линда Евангелиста, Кристи Тарлингтон Бернс, Наоми Кэмпбелл. Барлық ақпарат Грейс өз жұмысы барысында жазған 2002 монография негізінде берілген.
Коддингтон бәріне қоса, өзінің ең танымал деген айрықша әдемі қиял-ғажайып суреттерінің түсірілімі кезінде орын алған қызықты оқиғалар мен өз саласына қатысты әзіл-сықақ әңгімелер де жазған.
Коддингтонның кеңестері:
"Көздеріңізді әрқашан ашық ұстаңыз. Себебі, көрген әрбір нәрсеңіз Сізге шабыт беруі мүмкін" – Грейс: Мемуарлар кітабы, 2012
"Сән деген тек көйлектер ғана емес. Бұл оған қоса, біздің үйіміз, бақшамыз және ішіп-жейтін асымыз" – More Intelligent Life басылымы, 2011
"Менің ойымша, адамдар сән әлеміне аса мән беріп, 'Менің жұлдыз болғым келеді' деп армандағанға қарағанда, өз жұмыстарынан нәтиже шығарып, соған уақытын арнағаны жөн" – The Guardian interview, 2012
"Әрқашан адамгершілік қасиетіңізді көрсетіңіз" – The Guardian interview, 2012
"Сән өндірісінде есінен ауысқан адамдар көп. Бірақ, жақсылары да бар, Сізге оларды ажырата білген жөн" – The Guardian interview, 2012
"Тым нәзік болма, ол өз жолыңды салуға кедергі келтіреді" – The September Issue, 2009.
А. Оралқызы