«Алтын қалам» жүлдегерлерінің жинағы жарық көрді

«Алтын қалам» жүлдегерлерінің жинағы жарық көрді

Алматыда «Алтын қалам-2014» әдеби жүлдесінің нәтижесі бойынша үздік шығармалар жинағының презентациясы өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі

Жинаққа Adebiportal.kz сайты оқырмандарының дауыс беруі арқылы іріктеліп, үздік деп танылған туындылар енді. 2014 жылғы «Алтын қалам» байқауына екі тілде 137 автордың 364 шығармасы ұсынылған болатын. «Үздік жыл прозасы» аталымына үміткерлер саны көп болғандықтан, осы жолы 3 автор жеңімпаз атанды: Сәкен Сыбанбай («Мұңлық»), Вера Гаврилко («Любовь и прочие безобразия») және Шәміл Садықов («Повесть о любви»).

Байқауды ұйымдастырушыларының бірі Досым Сәтпаев«Жаңа есімдер, жас авторлар шығарған кітаптарды оқу өте қызық. Қазақстанда жазатын жастар өте көп. Мені әрқашан балалар әдебиеті қызықтыратын. Біздің әдебиетімізге қат дүние де осы – балалар әдебиеті. «Балалар әдебиеті» аталымы, меніңше, екі толқынды байланыстыратын көпір секілді. Рухани құнды дүниелерді түсіну үшін, бүгінгі ұрпақ ең әуелі кітаптан өзіне керегін алуы керек», - дейді  балалар әдебиетінің бүгінгі маңызы туралы.

Саясаткер сондай-ақ: «Жас жазушыларға жарнама керек. Авторды көріп, байқаған адам оның еңбектеріне қызығуы мүмкін. Сөйтіп, жақсы туындылар көпшілікке жол тартады. Ал менің арманым, осы байқаудан болашақта Нобель сыйлығының иегерін көргім келеді», - деп атап өтті.

«Алтын қалам» әдеби байқауын өткізу 2010 жылдан бастап, әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Оқырман аудиториясын кеңейту, жаңа авторларды көпшілікке таныстыру және қазіргі қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеру – байқаудың басты мақсаты. «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ең алғаш Қуат Домбай, Досым Сәтпаев, Расул Жұмалы, Кенже Жұманұлы және Айдос Сарым секілді публицистер мен қоғам қайраткерлер ұйымдастырған болатын.

Сурет: tengrinews.kz

Ш. Талап