Жұмекен Нәжімеденов атындағы жыр мүшәйрасының бас жүлдесін Әлімжан Әлішер иеленді

Жұмекен Нәжімеденов атындағы жыр мүшәйрасының бас жүлдесін Әлімжан Әлішер иеленді

Бүгін Атырау қаласында ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденов атындағы «Ақылдыға қайғы алдырсам деп едім...» атты республикалық жыр мүшәйрасы мәресіне жетті, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.

Жыр мүшәйрасы Атырау облысы Мәдениетмұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен және  «Алтын топшы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.

Байқаудың басты мақсаты – Жұмекен мұрасын Қазақстан халқына, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармашылығын адамгершілікке, имандылық рухына тәрбиелеуге, келешек ұрпақ игілігіне пайдалану.

35 жасқа дейінгі жас ақындардың өлеңдері алдын ала іріктеуден өтіп, қорытынды жыр кешіне шақырылды. Ереже бойынша үміткерлердің Ж.Нәжімеденовке арналған өлеңі және еркін тақырыптағы 1 өлеңі байқауға қатыстырылды.

Сондай-ақ, бұл жыр мүшәйрасының бір ерекшелігі, ақындар белгіленген тақырыпқа (билет сұрақтарына сай) қолма-қол өлең шығару өнері арқылы сынға түсті.

Қазылар алқасы құрамында Әлия Дәулетбаева бастаған Алмас Темірбай, Сәулеш Шәтенова, Төлеген Жаңабаев, Шалқарбай Ізбасаров сынды белгілі ақындар болды.

Сонымен, жыр додасының қорытындысы бойынша Бас жүлдені шымкенттік жас ақын Әлімжан Әлішер (200 000 теңге) иеленді. Бірінші орынды танымал жас ақын Құралай Ормар еншілесе, екінші орын тараздық Хамит Есаман мен қызылордалық Мөлдір Айтбайға бұйырды. Жүлделі үшінші орынға Ырысбек Дәбей, Ұлмекен Шаукенова және Әлия Іңкәрбек ие болды.

Ынталандыру жүлдесі Есет Табынбаев, Нұргелді Әбдіғани, Рабина Батуова, Сыйлыгүл Наурызбекова, Данагүл Берекет сынды жас ақындарға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар және қаржылай сыйлықтар табыс етіледі.

Сурет: Гүлжан Инжелова

Ш. Талап