Жас ақындардың «Поэтикалық дуэль» атты жыр кеші өтті

Жас ақындардың «Поэтикалық дуэль» атты жыр кеші өтті

Қарашаның жиырма жетісі күні білімнің қан тамыры, ғылымның Хан-Тәңірі атанған қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде Мұхтар Әуезов атындағы әдеби бірлестіктің ұйымдастыруымен «ПОЭТИКАЛЫҚ ДУЭЛЬ» атты жыр кеші өтті.

Дуэльдің мақсаты жыр алабына ендеп, бойлап келе жатқан жас ақындарды жарыстыру емес. Керісінше, кезектесе өлең оқыту арқылы өскелең ақындардың шеберліктерін шыңдап, оқырмандардың поэзияға деген қызығушылығын арттыру.

Аталмыш бірлестіктің жетекшісі әрі факультет ұстазы Самал Дәрібаев қатысушыларға сәттілік тілеп, кеш шымылдығын ашты. Алдағы уақытта да бұл іс жалғасын табатынына сенім білдіріп, алғашқы жұпты ортаға шақырды.

Ең бірінші болып факультет студенті Әріби-Әрібек пен журналистика факультетінің студенті Асыл Ерзат шығып, өздерінің жалынды жырларымен дуэльді бастап берді.

Келесі болып ортаға Тараз педагогикалық институтының студенті Нұрболат Жолдасбек пен Халықаралық ХХVII «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, Түркістан қаласындағы ХҚТУ студенті Батырхан Сәрсенхан шықты. Олардың өлеңдерін әдебиет сүйер қауым ерекше ықыласпен тыңдады. 

 

Содан соң, факультет түлегі Бекзат Смадияр мен қызылордалық ақын Мөлдір Айтбай екеуінің поэзия додасы әдемі әзілмен басталып, әзілмен аяқталды. Одан әрмен Самал мырза кеш тізгінін Бекзат Смадиярға берді. Бекзат Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториядан келген кештің арнайы қонақтарын ортаға шақырды, екі қолға екі ішекті ала шыққан әншілер ән-айтыспен кешті қыздыра түсті.

Келесі факультет студенті Тұрсынбек Башар мен С.Демирел атындағы университеттің студенті Әйгерім Қуанышбай жұп боп шығып, махаббат лирикасының тереңіне бойлады.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы, факультеттің студенті Айбол Исламғалиев пен Орта Азия Университетінің студенті Еламан Хасенұлы шығып еді, өлең оқылмай тұрып-ақ көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мұндай қошеметтен шабыт алған ақындардың жырларына көрермендер сүйсінді.

Алматы Техникалық Университінен келген Рәтбек Мағаз бен факультет студенті, сайтымыздың тілшісі Шерхан Талап шығып, бірі Алтайды, бірі Түркияны, бірі Ташкент қызын, бірі түрік қызын жырға қосты. Тамшы өлеңге тамсанған жұрт арасындағы бір сөзін болсын, жаттап алуға тырысып, іштерінен қайталап отырды.

Осы сәттен кейін «Қайсар Қағанатының» баһадүрлеріне бас болған, Қаған атанған Қайсар Қауымбек келіп, «Күй» атты өлеңін сыйға тартты. Артынша, факультет күйшісі Шерияздан Нұртас пен химия және химиялық технология факультетінің студенті Мирас Қатап күй тартысты. Күйшілердің шеберліктері сондай – домбыра тартқан саусақтарына көз ілеспеді.

Сөйтіп, жыр дуэльді факультет ақындары Нұртас Тұрғанбек пен Нысанбек Сәуле жалғастырды. Өз кезектері келгенде, жұп ақында тартынып қалмады, мөлдір жырларды молынан төкті.

Факультет түлегі Бауыржан Мырзақұл мен С.Демирел атындағы университет студенті Темірлан Жорабай ортаға шықты. Олардың тәмсіл ойға толы отты өлеңдері өзгелерден өзгеше болды. Көрермен жүрегіне бойлап, көңіліне ой салды.

Жұмашев Абылайхан, Нәдірқожа Гаухар, Есенгелдиев Сәкен сынды факультет өнерпаздары гитарамен Табылды Досымовтың, Сергей Есениннің әндерін нақышына келтіріп орындап, құлақ құрышын қандырды.

Кеш ұзаққа созылғанымен, өз жарасымын тауып жатты. Уақыт тығыздығына байланысты филология факультетінің адуынды ақындары Манас Қайыртайұлы, Марғұлан Ақан, Аслан Тілегенов, Абылайхан Жұмашев, Жандарбек Жұмағұлов, журналистика факультетінің студенті Нұрболат Досхан, Олжас Саржай (С.Демирел атындағы университеті), Қуаныш Жазай («Қайнар» университеті), Нұрбақыт Жадыра (Қыздар Педагогикалық Университеті) сынды бір топ ақындар өз өлеңдерін оқып, көрермендерді бір қуантты.

Содан соң Манас Қайыртайұлы мен журналистика факультетінің магистранты Амангелді Сейітхан айтысты. Өнерлі жігіттер әзілмен дүйім жұртты бір күлдіріп, артынша әдемі әнмен тербеді.

Аталмыш кештің арнайы қонағы ақын, сыншы Аманхан Әлімге сөз берілді. Оның жас ақындарға айтқан әр сөзі тәлімге толы болды. Сөз соңын «Буын қумаңдар! Сылдыр сөзге әуес болмаңдар! Өлең жазылмайды, өлең туады. А. Блок «Поэзия – үндестіктің ұлы» деген екен.Сөздерді үндестіре біліңдер! Жақсылық тілеймін! Бақытты болыңдар!», - деген ағалық тілегімен аяқтады.

Әдебиет пен өнердің шын жанашыры Самал Дәрібаев кеште өз туындыларын оқыған ақын жастарға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыс етті. Кеш соңында жас ақындар естелік суретке түсіп, қимастықпен тарасты.

 Келесі дуэльде кездескенше, достар!

Сурет: massaget.kz 

Е. Жұмабайұлы