Ақұштап Бақтыгерееваны ұшқан ұясы ұлықтады (Фото)

Ақұштап Бақтыгерееваны ұшқан ұясы ұлықтады (Фото)

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті.

Бір айта кететін жәйт, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті – Ақұштап Бақтыгерееваның ұшқан ұясы. Ақжайықтың ақшағаласы атанған ақын алғаш Алматыға арман қуып келген кезінде аталған университетте білім алған. Ол Қыздар университетін 1966 жылы тәмамдаған.

Аталған шара Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды. Кешке Қазақстан Жазушылар Одағының өкілдері, танымал ақын-жазушылар, Қыздар университетінің ұстаздары мен студенттері қатысты.

Кешті ашқан оқу орынның Тәрбие ісі жөніндегі проректоры Зәуреш Сабырова, ақынның қазақ жырына сіңірген еңбегін атап өтіп, қазақы дәстүрмен сый-сыяпат көрсетті. Зәуреш Сабырова Қыздар университетінің мақтан тұтар тұлғасын университеттің 70 жылдық мерейтойлық «Құрмет белгісі» медалімен марапаттап, арулар ордасының символы саналатын тұмар белгісін тарту етті.

Сондай-ақ, оқу орынның 70 жылдығы аясында жарық көрген мерейтойлық кітаптар мен фотоальбомды және әйгілі «Айгүл» ансамблінің жаңа ән жинағын сыйлады.

Одан әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасы басшысының орынбасары, ақын Жанарбек Әшімжан сөз сөйлеп, ақының мерейтойы мен Қыздар университетінің 70 жылдығының тұспа-тұс келіп отырғанын тілге тиек етті.

Жанарбек Әшімжан сөз соңында Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған өлеңін оқып беріп, құттықтау тілегін жолдады.

Кеш барысында көрнекті ақын әр жылдары жазылған туған жер, отан, ана, қыз тәрбиесі, махаббат тақырыптарындағы өлеңдерін оқып, шығармашылығы мен өмірі турасында сыр шертті.

Сондай-ақ, студент қыздардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, аналық ақыл кеңестерін айтты.

Қыздар университетінің белсенді студенттері де өз кезегінде ақынның өлеңдерін оқып, жырдан шашу шашты.


Ақынның мөлдір поэзиясымен сусындап, сырлы әңгімесіне қаныққан студенттер кештен әдемі әсермен тарқасты.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: Massaget.kz, Дәурен Әбділдинов 

Н. Айдархан