ҚызПУ-да өтетін мүшәйраның бас жүлдесі – 500 мың теңге

ҚызПУ-да өтетін мүшәйраның бас жүлдесі – 500 мың теңге

13 қыркүйек күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты жазба ақындардың республикалық жыр мүшәйрасы өтеді. Мүшәйраның жалпы жүлде қоры 1 миллион 140 мың теңгені құрайды. 

Аталған жыр мүшәйрасы ҚызПУ-дың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Байқау туралы толығырақ білу мақсатында ұйымдастырылушыларға хабарласқан болатынбыз.

«Қыздар университеті» медиа орталығы қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Кенже Оразай: «ҚызПУ-дың 70 жылдығына арналған мүшәйраға дәл қазір 70-ке тарта ақынның өлеңдері келіп түсті. Ережеде көрсетілген күнге сай өлеңдерді қабылдау аяқталды. Байқау шарты бойынша ақындар бүркеншек атпен қатысып жатыр», - дейді.

Сондай-ақ, Кенже Оразай мырза: «13 қыркүйек күні мүшәйра жеңімпаздарының марапаттау рәсімі өтеді. Ал, түстен кейін үлкен айтыс өтеді. Оған Жүрсін Ерман ағамыз бас болып, Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбеков секілді айтулы айтыскерлер қатысады. Айтыстың бас бәйгесі 500 мың теңге», - деп қоса кетті.

Айта кетсек, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 70 жылдық мерейтойына байланысты республикалық деңгейде өткізілетін жазба ақындар арасындағы «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты жыр мүшәйрасына 18 жастан асқан барлық жастағы ақындар қатыса алады. Кез келген ақынның бас-аяғы екі өлең ұсынуға құқы бар. Оның біреуі міндетті түрде Қыздар университетінің 70 жылдығына арналуы керек. Ал екінші өлең еркін тақырыпта, бірақ Қазақ қызының жиынтықталған бейнесіне арналып жазылуы қажет.

Мүшәйраның жүлде қоры:
Бас жүлде – 500 000 теңге;
1-орын – 200 000 теңге;
2-орын – 100 000 теңге (2 жүлде);
3-орын – 50 000 теңге (3 жүлде);
Ынталандыру жүлдесі – 30 000 (3 жүлде)

Мүшәйраның шарттарымен толығырақ мына сілтемеде таныса аласыздар.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vk.com

Н. Айдархан