- Негізгі бет
- Жаңалық
- Бүгін – Төлен...
Бүгін – Төлен Әбдік 71 жаста!
Төлен, Төлен…
Өлең боп,
Тал бойыңды,
Тербетіп тұр –
Парасат патшалығы!
Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ
Бүгін - қазақ топырағында алаш арыстарының бірі дүниеге келген күн. Дәл осы күні, 1942 жылдың 4 қыркүйегінде Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында Төлен Әбдікұлы дүние есігін ашты.
1965 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітіреді. 1965–1970 жылдары «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1970–1977 жылдары «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, 1977–1979 жылдар ішінде «Қазақфильм» киностудиясында Бас редакторы болып қызмет атқарады. 1979–1990 жылдары Қазақстан КП ОК-нде жауапты қызметке тағайындалады. Біраз жыл «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшысы болып қызмет қылады 1993 жылдан ҚР Президенті әкімшілігінде жауапты қызметке орналасады.
Шығармалары 1964 жылдан бастап жариялана бастайды. «Көкжиек» (1969), «Күзгі жапырақ» (1971), «Ақиқат» (1974), «Айтылмаған ақиқат» (1979) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987), «Парасат майданы» (2002) романдарын жарық көрген. Әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980, 1981) деген атпен шықты. Грек аңыздары – «Эллада ерлерін» (1977) қазақ тіліне аударылды.
Халықаралық Кафка және Қазақстандағы ПЕН клуб сыйлықтарының лауреаты (2003). ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Төлен аға, шығармаңыз оқырманды «кір жуғыш машинадан шыққандай» тазартып, жан әлемін жадырата берсін! Өзіңіз қалаған, өзіміз қалаған азаматтық қоғам орнасын!
* * *
"...Ұлтты сүюді нағыз ұлтжандылардан үйрену керек!"
"...Адам кісілік келбетін жоғалтпау үшін іштей іздену керек. Кемелдену керек. Сонда оның адамгершілік, қиянат деген этикалық категорияларға көзқарасы дұрыс қалыптасады. Ол қалыптаспаған кезде адамға әркім, әрнәрсе ықпал етеді. Өмірдің заңы осындай. Өмір – ғажап, бірақ, оны азапқа айналдыратын – адамның өзі".
"...Ең жаманы – «ел үшін еңбек етеміз», «халықтың қамы үшін» деген даурықпа ұран, көлгірсу, басшыны көпе-көрнеу мақтау жастарға дендеп барады. Алашқа азап берген, арысыңды атқан, соны ұстатуға жағдай жасағандар біз үшін әлі баяғысынша керемет. Кейбіреу нені қадірлеп, неден жиренуді әлі айыра алған жоқ. Жақсы мен жаман ми-батпақ болып араласып, бір жағы ел болуға тырысып жатса, бір жағы жең ұшынан жалғасып, тышқаншылап тырбаңдап жүр".
"...Әдебиет пен өнерде «ұлтты қорлады» деген сөз болуға тиісті емес. Олай болмайды! Себебі, әдебиет біреуді тәрбиелеу үшін не болмаса, ұлтты көтеру үшін жазылмайды. Жазу жазған кезде сенің алдыңда ең үлкен төреші жалғыз Құдай тұрады. Сен соған ғана жүгіне аласың. Қолыңнан шыққан дүниенің ақиқаты мен жалғанына Жаратушының алдында ғана жауап бересің. Ал, шындық, дәлдік – өмірдің ақиқаты, ол ұлттық мүддеге қайшы келмейді".
"...Құдайдың бар-жоғына таласу мүмкін емес. Құдай сенген адамға бар, сенбеген адамға жоқ. Ізгілік те сол секілді, сенсең – бар, сенбесең – жоқ".
* * *
Мұхтар ШАХАНОВ, ақын:
– Төлен – менің ең жақын досым, аз ғана сырластарымның біреуі... Төлен екеуміздің ойымыз бір, мүддеміз қашан да ортақ. Жүрегіміз бен тілегіміз де бір мақсат үшін жұмылған. Осы бірлігіміз ажырамасын.
Әшірбек СЫҒАЙ, жазушы:
– ...Төлен Әбдік – шын жазушы. Жазушы – дәуір мен дәуірді, ғасырлар мен ғасырларды байланыстыратын, таудан тас құлатқандай, зеңгір аспанда қолымен бұлт қайырғандай ғаламат күш иесі, алып әрекеттің адамы. Ал Төлен осы айқындауыштың барлығына сыяды. Үйде отырып, әлемді қиялымен кезіп, керемет суретті көз алдыңа келтіретін қасиеті бар жазушылардың бірі осы Төкең десем қателеспеймін. Төленнің шығармаларында оқиғалар басқа елде өтіп жатқанымен, ондағы мінез бен көрініс біздің қазақтың болмысынан ешқашан алшақ кеткен емес. Мәселен, «Оң қолды» оқыған кезде мен өзімнің оң қолымнан бір айға дейін сескеніп, шошып жүрдім. Міне, шығарманың күші-қуаты осылай болуы керек. «Айтылмаған ақиқат», анау «Өліара» романы, «Көктерегін» алыңыз, қай-қайсысында да жазушының ой ұшқырлығы алдыңғы кезекте тұрады. Тұтас психологиялық шендесудің шебер құрылымдары бар. Бұл – Төленнің табиғатына тән дүние. Әйтпесе жыл сайын кітап жазатын жазушыларды көріп жүрміз, тындырғаны шамалы...
Деректер қазақ тілді БАҚ құралдарынан алынды
Сурет: Нұрғиса Елеубеков
Л. Лига