Биік мақсат

Биік мақсат
Фото: ahdwallpaper.com

– Ұстаз,-неге осы өмірде мақсатқа жетуге кедергі келтіретін, таңдаған жолымыздан адастыратын, әлсіздігімізді мойындататын қиыншылықтар болады?-деп сұрады шәкірті.

– Сенің қиыншылық деп отырғаның, шын мәнінде түпкі мақсатыңның бір бөлшегі ғана. Сондықтан онымен күресуді қойғаның абзал. Жүретін жолды таңдаған кезде есіңе ал, және осы айтқан сөздерді үнемі ойлап жүр.
Мысалы, сен садақ атып жатырсың делік. Нысана алыста, саған көрінбейді, себебі таңертең қалың тұман түскен болатын. Сен не, енді осы тұманмен күресіп жатпақсың ба? Жоқ, сен енді жел тұрып тұманды айдап кеткенін күтесің. Нысана енді анық көрінген сәтте, жел тұрып, ұшқан жебені басқа жаққа қарай айдап жібереді. Енді желмен айқасасың ба не? Жоқ әрине, сен енді желдің бағытын анықтап, соған есептеп нысананы дәлдеген кезде жебе ұшын сәл басқа бағытқа бұрып атасың. Қолыңдағы садағың ауыр, әрі адырнасы қатты тартылған. Ол адырнаны тарту үшін көп күш жұмсайсың. Енді адырнамен күреспейсің ғой. Жоқ, сен енді иық-қолдарыңның бұлшық еттерін шынықтырасың. Сол арқылы әр тартқан сайын адырнаны қатты соза бастайсың.

– Бірақ сіз, жел жоқ, ашық күні, жеңіл, әрі жақсы садақ ататын адамдар бар екенін жақсы білесіз ғой, неге мен садақ ататын күні тұман түсіп, жел тұрады,садақтың да ауыры, адырнасы қатты тартылғаны кездеседі.
Неге бүкіл он сегіз мың ғалам менің алға жылжығаныма қарсы шығады?

– Ешқашан басқаларға қараушы болма?-деді ұстаз жымиып, -әркімнің өз садағы болады, өз таңдаған нысанасы болады, сосын садақ ататын уақытты да өзі таңдайды. Біреулер үшін мақсат нысанаға дәл тигізу, ал енді біреулер садақ атып үйренсе болды.

Сосын ұстазы дауысын бәсеңдетіп, шәкіртіне қарап:

– Қарағым, саған бір сыр айтайын. Он сегіз мың ғаламның сенде шаруасы жоқ. Ол ешкімге қарсыласпайды да, көмектеспейді де. Тұман, сенің садақ атқан кезіңе кедергі келтіру үшін түспейді, жел атқан жебеңді басқа жаққа алып кету үшін соқпайды, садақты жасаған шебер, сенің әлсіздігіңді мойындату үшін жасаған жоқ. Сенің мақсат-мүддеңсіз-ақ мұның бәрі онсыз да бар дүниелер.

Сен ғой, нысанаға дәл тигізсем болды деп тұрған. Сондықтан қиындықтарға шағымдана берместен садағыңды ата бер, немесе тәкаппарлығыңнан арылып, өзіңе оңайлау нысана таңдап ал. Дәлдеуі оңай, айнытпай дәл тигізетін нысана тап...

Ж. Жұмағұлов