Ешқашан қартаймаудың сыры

Ешқашан қартаймаудың сыры
Фото: el.kz

Көктемнің құлпырған бір күні. Саябақтағы құстардың шырылы өмірге сән қосып тұр. Тамылжыған табиғатты тамашалап ақжаулықты ана отыр. Жасы біразды алқымдаса да, шырайы сыр бермепті, қуаты кетпепті. Айналасына көз тастап, өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп отырған әженің жанына жас қыз келіп отырды.

Көктем келсе қыздардың да қызғалдақтай құлпыратын әдеті ғой. Ашық түсті киім киген тартымды бойжеткенге атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарағандай. Өзі де өз сұлулығына тамсанып отырса керек, сөмкесінен алақандай айнасын шығарып, қайта-қайта қарай берді.

Бетіндегі бояуын түзеген болып, шашын жөндеген кейіп танытады. Әлгі әже де оған қадала қарап қалыпты. Өзіне қадалған көзге сұраулы жүзбен қараған қызға:

– Өзіне сенімсіз адамдай айнаға қарағыштай бердің ғой, – деді әже.

– Жоға, – деді қыз аузына сөз түспей қысылып. Біраздан соң бойын жинап: – Мен кәріліктен қорқамын.

– Ә-ә, солай ма? Ал мен қартаймау жолын білемін.

– Рас айтасыз ба? Маған да айтыңызшы, өтінемін.Не сұрасаңыз да берейін.

– Маған сенен ештеңе керек емес. Менің үйімде жасартып көрсететін айна бар. Уақытың болса, жүр, көрсетейін.

Қыз жүзі жайнап, ғажайыпты көруге асығып келеді. Түрлі ойдың жетегінде кетіп, қарттың үйіне қалай тез жеткенін де аңғармай қалды. Есікті ашқан бетте бірінен-бірі өткен тәп-тәтті балалар:

– Әже-е-еу, – деп мойнына асыла кетті.

– Міне, осылардың мамық қолы менің мойнымдағы ең қымбат асыл әшекейім. Осы балапандардың қылығын қызықтап, жасарып кетемін. Менің айнам – өзім тәрбиелеген немере-шөберем. Қартаймаудың сырын енді түсінген шығарсың, қызым, – деді ана жылы жымиып...

@. @assel_assanova