- Негізгі бет
- Тәмсіл
- Сәкен Сейфуллин туралы...
Сәкен Сейфуллин туралы ой-пікірлер
Тұла бойы тұнып тұрған ақындық еді, қара тырнағына шейін ақындық үшін жаратылған. Сәкен қазақ совет әдебиетінің негізін бірден-бір қалаушы, көшбасшысы болды. Тарих оған жүктеген міндетті ешқайсымыз атқарған жоқпыз. Тарихқа зорлық жүрмейді.
Ғабит Мүсірепов
«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.
«Қазақты көргің келсе, міне, осы деп» деп,
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».
Сырбай Мәуленов
Сәкенді қызылдар жағында, ал біздерді «орда» жағында болды демесеңдер, Сәкен бізден гөрі әлдеқайда ұлтшыл еді.
Әлімхан Ермеков
«Жырламасқа теңіздей,
Қуаныштың шегі жоқ.
Ардақталған өзіңдей,
Қазақта ақын тегі жоқ».
Ілияс Жансүгіров
Сәкен еңбегіне сыншы да, тарихшы да емес, жай қатардағы оқушы есебінде көз жіберсек, өзгеде жоқ екі түрлі қасиеті басымдап айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы.
Мұхтар Әуезов
Сендер мені осы уақытқа шейін қазақ кеңес әдебиетінің бастаушысы деп білдіңдер. Енді шындықты біле жүріңдер, сол әдебиеттің негізін қалаушы, алғашқы туын көтеруші – Сәкен Сейфуллин. Сондықтан мен көптің бірімін, ал Сәкен – қазақ совет әдебиетінің атасы.
Сәбит Мұқанов
Есіме түскен сайын орта бойлы, толқынды қара шашты, өткір ойлы көзді, сымбатты, көрікті, түсі ақ пен қараның аралығындағы қоңырқай кісі көз алдыма келеді.
Қадала қарағанда сыртыңды түгіл, ішіңді көріп тұрғандай. Ал, оған қадалған көздер, әсіресе, әйел көздері оңай айырыла алмайтын. Сырты өте сұлу, кербез, тәкаппар, іші өте қарапайым, кішіпейіл еді.
Ғабиден Мұстафин
Ж. Исакаев